Тоқаев: «Сақтанғанды Құдай сақтайды»

Жарияланды (жаңартылды )
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына үндеу жасады

Бүгін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына үндеу жариялады. Әлемді жайлаған коронавирус пандемиясына байланысты елімізде төтенше жағдай жарияланып отыр. 

«Менің кешегі жарлығыммен бүгін таңғы 8-00-ден бастап бүкіл Қазақстан аумағында төтенше жағдай енгізілді. Төтенше жағдай мерзімі 30 тәулікке созылады. Президент жанынан мемлекеттік комиссия құрылды. Оны премьер-министр басқарады. Барлық қажетті алдын алу шаралары жүзеге асырлады, қоғамдық тәпртіп қатаң бақылауға алынады. Көпшілік қатысатын іс-шаралар тоқтатылды», – деді мемлекет басшысы. 

Осы орайда көптеген азаматтардың алдағы мерекеге жоспар құрғанын түсінемін дей келе,  бүкіл халықтың денсаулығы үшін осындай шешім қабылдап отырғанын жеткізді. 

 «Ірі сауда нысандарының жұмысына шектеуге мәжбүрміз, бірақ азық-түлік дүкендері және базарлар өз жұмысын жалғастыра береді. Ойын-сауық орталықтары, кинотеатрлар, театрлар, көрмелер және жұртшылықы көп баратын басқа да орындар уақытша жабылады. Оқушылар демалысқа жіберілді, студенттер қашықтан оқыту жүйесіне көшті. Сондай-ақ азаматтарымыз отбасылық іс-шараларды өткізбегені жөн деп санаймын», -деді президент.

 Қазақстан Республикасының азаматтары мен шетелдіктердің мемлекеттік шекара арқылы кіруіне – шығуына шектеу қойылған. 

«Менің тапсымам бойынша, Үкімет қорынан дәр-дірмек, тест-жүйелерін және зертханаға арналған жабдықтарды алу үшін қаражат бөлінді. Ауруханаларда орын жеткілікті. Осы іс-шаралардың барлығы азаматтардың денсаулығы үшін жасалып отырған өте маңызды қадамдар. «Сақтанғанды Құдай сақтайды». Бұл індетпен күресуге толық мүмкіндігіміз бар екенін баса айтқым келеді. Бұл қиындықты бәріміз «бір халық – бір қоғам болып міндетті түрде еңсеріп шығамыз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Енгізілген шектеулерге әр азамат жауапкершілікпен қарауы тиіс. Әр адам барынша сақтанып, вирустың таралмауына атсалысуы қажет деп атап өтті мемлекет басшысы. 

«Еліміздің барлық азаматтары өкілетті органдардың қызметіне қолғабыс көрсетеді деп сенемін. Осындай кезде бәріміз сабыр сақтап, тәртіпке бағынуымыз керек. Дерттің алғашқы белгілері пайда болған жағдайда бірден тұрғылықты жердегі дәрігерге қаралу қажет. Бәріміздің азаматтық жауапкершілігіміз осындай сәтте сыналады. Біз экономикалық жағдайды басты назарда ұстаймыз», – деді президент. 

Осы орайда, мемлекет басшысы азық-түлік қоры жеткілікті екеніне назар аударып, күнделікті тұтынатын тауар бағасын негізсіз қымбаттатуға жол берілмейді деп мәлімдеді. Ел-жұртты дүрліктіретін, арандататын әрекеттерге тыйым салынады. Жалған ақпарат таратып, дүрбелең туғызатындар заңға сәйкес жауапқа тартылады. 

 

Сондай-ақ оқыңыз