Аз қамтылған және көп балалы отбасыларға берілетін шағын несиелер бойынша пайыздық мөлшерлемесі 6% -дан 4% -ға дейін төмендетілді. Бұл туралы 16 наурызда өткен брифингте ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов мәлімдеді.
«Бұдан бөлек, бүгін біз халықтың әлеуметтік осал топтағы жұмыссыздар, аз қамтылған және көп балалы отбасылар үшін бірқатар өзгерістер енгіздік. Олар үшін микрокредиттер 6% -дан 4% -ға дейін қысқарды. Және несие беру шарттары да өзгерді. Бес жылдан, жеті жылға дейін ұзартылды. Сонымен қатар, шағын бизнес ашу үшін қайтарымсыз гранттар береміз», – деді ол.
Сонымен қатар, оның айтуынша бүгінде Үкімет жұмыспен қамтудың жол картасын әзірлеуде. Жол картасына әлеуметтік нысандарды, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты, инженерлік және көлік инфрақұрылым нысандарын жаңарту және жөндеу, елді мекендерді абаттандыру сияқты шаралар енеді.
«Біз оның негізгі тетіктері мен шарттарын ертең үкімет отырысында талқылаймыз. Бұл жайында қосымша ақпарат беріледі. Сондай-ақ, біздің азаматтарымыздың толыққанды жұмыспен қамтылуын қамтамасыз ету үшін 2020 жылы 123 миллиард теңге қарастырылған. «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасын барлық әлеует пайдалана алады»,- деді Нұрымбетов.
Еңбек министрі осы бағдарлама аясында 535 мыңнан астам адамды қамтуды жоспарлап отыр.