Асқар Мамин онлайн жұмыс істейтіндер үшін интернетті жақсартуды тапсырды
Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік комиссияның алғашқы отырысы өтті,- деп хабарлайды Үкімет басшысының ресми сайты.
Денсаулық сақтау, ұлттық экономика, сауда және интеграция, индустрия және инфрақұрылымды дамыту, ішкі істер, цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі, білім және ғылым министрліктерінің басшылары Қазақстанда коронавирустық инфекцияның одан әрі таралуын болдырмауға бағытталған шаралар туралы баяндады.
Облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың әкімдері коронавирустың таралуын болдырмау және өңірлердегі әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету бойынша қабылданған шаралар туралы мәлімдеді.
Премьер-Министр Мамин Цифрлық даму министрлігіне жоғары жылдамдықты интернеттің жұмысын қамтамасыз етуді, электрондық қызметтерді барынша ұсынуды және қашықтықтан жұмыс режиміне көшуді ынталандыруды тапсырды.
«Мемлекет басшысының төтенше жағдай енгізу туралы қаулысына сәйкес әкімдер осы салада енгізілген шаралардың орындалуын жеке бақылауға алуы керек. Елдегі тұрақтылықты сақтау және Қазақстанда коронавирустың таралуын болдырмау үшін барынша күш салу керек »,-деп түйіндеді Мамин.