Үкімет дағдарысқа қарсы қандай шараларды қолға алды?
Жарияланды
Төтенше жағдай кезінде бизнеске бірқатар жеңілдіктер жасалады
Бүгін ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында кәсіпкерлік пен отандық өндірісті қолдау шаралары қаралды, деп хабарлайды үкіметтің баспасөз қызметі.
Бизнесті қолдау және еңбек нарығындағы тұрақтылықты қамтамасыз ету жөніндегі шұғыл шаралар топтамасы:
-қаржыландырудың қолжетімділігін арттыруды,
-кепілдіктер беруді,
-салықтық ынталандыруды,
-бизнесті тексеруді азайтуды және жұмыспен қамтамасыз етуді қамтиды.
- «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша бизнесті несиелендіру 1 трлн теңгеге дейін көбейтіліп, басым тауарлар тізімі кеңейтіледі, «БЖК – 2025» мемлекеттік бағдарламасы бойынша несиенің жоғарғы шегі ұлғайтылады және салалық шектеулер алынып тасталады, бизнесті несиелендіру кезінде кепілдік беру тетігі жеңілдетіледі.
- Ірі сауда нысандары, кинотеатрлар, театрлар, көрмелер, спорт объектілері заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер үшін мүлік салығынан бір жыл мерзімге босатылатын болады, бір тоқсанға өсімақы есептеу тоқтатылады, 3 тоқсан үшін салық есептілігінің мерзімі кейінге ауыстырылатын болады.
- Жалпы белгіленген тәртіпте жұмыс істейтін жеке кәсіпкерлер салықтардан босатылады.
- Отандық бизнес қосымша қаржылық жүктемесіз бірегейлендірілген шарттарда (6%) қолданыстағы мемлекеттік бағдарламалардың (Бизнестің жол картасы – 2025, «Еңбек», ИИДМБ-2025, «Қарапайым заттар экономикасы» және т. б.) қолдаудың жеңілдікті шараларын пайдаланатын болады.
- Агроөнеркәсіптік кешен саласында несиелендірудің жаңа тетігі, сондай-ақ ірі қара мал мен асыл тұқымды балапандарды қамтитын АӨК биологиялық активтерінің импортына ҚҚС-дан босату, сонымен қатар 7 мыңға жуық шаруаны ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге салық төлеуден босату түрінде қосымша салықтық ынталандырулар енгізіледі.
- Төтенше жағдай кезінде жеке және заңды тұлғалардың займдары мен шағын несиелері бойынша төлемдердің мерзімі кешіккен жағдайда, банктер айыппұл мен өсімпұл есептемейтін болады.
- Банктер мен шағын қаржы ұйымдары ТЖ енгізілуіне байланысты қаржылық жағдайы нашарлаған шағын және орта бизнес субъектілері мен жеке кәсіпкерлердің төлемдерді (негізгі қарызы мен сыйақыларын) төлеуді кейінге қалдыруды ұсынады.
«Барлық банктер қаржылық жағдайы нашарлаған бизнес өкілдеріне төлем мерзімін ұзарту мүмкіндігін беруі керек», — деді А. Мамин.