Қазақстандықтар доллар сатып алуға кірісуі керек пе, жоқ па?
19 наурыз қазақстандықтардың тағы да теңге бағамына алаңдаушылығымен басталды. Әдеттегідей теңгенің шетел валюталарына шаққандағы бағамы төмендеп кетті. Таңертеңгі 11:00-дегі жағдай бойынша доллар курсы Қазақстан қор биржасында (KASE) 448,50 теңгеге теңескен.
Сол күні таңертең Brent маркалы мұнай бағасының бір баррелі 25 долларға жетті. Бұл мұнай бағасының тәулігіне -14, ал жыл басынан бері 60 пайыздан аса төмендеп кеткенін аңғартады.
Осыған орай Ұлттық банк пен Қазақстан қор биржасы бірлескен мәлімдеме жасаған еді.
«Әлемдік қорлар мен валюта нарықтарда да құлдырау жалғасып жатыр. Ресей рублі тәулігіне 7,3 пайыз, ал жыл басынан бері 30 пайыздан астамға құнын жоғалтты. Осы жағдайларды ескере отырып, сыртқы факторлардың ішкі валюта нарығындағы тұрақсыздыққа әсерін шектеу және Қазақстан Республикасының қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында Ұлттық банк Қазақстан қор биржасымен бірлесіп, 2020 жылдың 19 және 20 наурызында теңгенің долларға шаққандағы валюталық жұптық сауда-саттығын Франкфурт аукционы түрінде өткізуге шешім қабылдады. Франкфурт аукционы түрінде өткізілген сауда-саттық клиенттердің қолда бар өтініштерін қанағаттандыруға және валюта нарығындағы жағдайды тұрақсыздандыруға жол бермеуге мүмкіндік береді» делінген бірлескен мәлімдемеде.
Осыған орай белгілі экономист, телеграмдағы Tengenomica каналының авторы Олжас Төлеуов Kursiv.kz тілшісіне сұхбат берген болатын. Оның айтуынша, Франкфурт аукционы теңге бағамын құлдыратпауға аз да болса мүмкіндік береді.
«Сатушылар валюта нарығында сол аукцион арқылы саудаға қатысса олар бағаны қатты өсіре алмайды. Қазір теңге бағамы 448 болып тұр. Мұндай кезде басқалардың 1 долларды 460-470-тен сатып алуға мүмкіндігі шектеледі. Яғни, оның өзіндік шарттары бар. Валюта нарығында қазір ешкім валюта сатқысы келмейді. Олар Ұлттық банк сатады деп күтіп отыр. ҰБ нарықтан кетіп қалды, Франкфурт аукционын енгізді. Енді олар бір-бірімен ғана сауда жасауы мүмкін. Басқа ешкім жоқ. Енді сата алмайды. Спекулянттық оймен бағаны көтергісі келсе, Франкфурт аукционы шартына сәйкес олай да істей алмайды. Бұл орайда курстың өсімі шектеледі», – дейді экономист.
Сарапшының айтуынша, Қазір Сауд Арабиясы өз мұнайын Еуропаға төмен бағамен сатып жатыр. Бұл әрі қарай жалғаса беретін болса әлемдік дағдарыс күшейе түспек. Егер мұнай бағасы қазіргі меже – 26 доллардан төмен қарай құлдырай берсе, оның арты жақсылыққа әкеп соқпайды. Бір үміт күтерлік нәрсе – Сауда Арабиясы мен Ресейдің келіссөз үстеліне отыруы ғана.
«Екі ел көп кешіктірмей ортақ мәмілеге келсе, әлемдік нарықтағы жағдай реттелуі тиіс. Сонымен қатар бүгін Ухань қаласында алғаш рет коронавирус жұқтырған факті тіркелген жоқ. Бұл аз да болса позитив. Әрине, алғашқы кварталда бәрібір жағдай төмендеу болады. Ал одан кейін Қытайдың мұнайға деген сұранысы қайта жоғарылауы мүмкін. Оның өзінде жағдай біржола түзеліп кетпейді. Дегенмен паниканы сәл де болса басады. Сондай-ақ теңгенің құлдырауы да тоқтайды деген болжам бар», – дейді Қолданбалы экономиканы зерттеу орталығының (AERC) басқарушы директоры.
Ал белгілі сарапшы, экономист Қасымхан Қаппаров болса, теңге бағамының жақын арада 600-ге жетеріне еш күмәнданбайды. Ол өз каналының оқырмандарын еш алаңсыз доллар сатып алуға шақырған.
«Ұлттық банк бүгін биржадағы сауданы жапты. Ешкім доллар сатқысы келмейді. Ұлттық банк резервтегі долларды сата алмайды, өйткені резерв өте төмен деңгейде. Егер биржа бүгін, ертең жұмыс істемесе, онда келесі жұмыс күні тек 26 наурыз күні ғана басталады. Яғни, бір апта бүкіл ел ресми курсты білмей өмір сүрмек. Мұндай кезде әр адам қалағанынша өзі доллар курсын белгілей бастайды. Мәселен, бір адам валюта айырбастау бекетіне келіп долларды 500, не 600 теңгеден сатып алуға ұсыныс жасауы мүмкін. Міне, «қара нарық» деген ұғым осындайда туады. Алдағы уақытқа болжамым – 1 доллар 450-500 теңге аралығында болады. Тек осы дәліз Ұлттық банк қорының өз деңгейінде қалуына мүмкіндік бермек. Егер мұнай бағасы барреліне 40 доллардан төмен көрсеткіште қалып қойса, онда девальвацияның екінші кезеңін, яғни, 1 доллардың 600 теңгеден саудалануын күтуге болады. Сондықтан ешкімді тыңдамай қандай бағамен болса да доллар сатып алыңыздар. Себебі, бұрынғы баға орнына келмейді», – дейді экономист.
Ал Олжас Төлеуов осындай мезетте реалды өмірде де, әлеуметтік желіде де көптеген фейк ақпараттар тарап кеткенін, ал олардың өз кезегінде халық арасында шу тудыратынын айтады. Ал мұндай паника жағдайдың тек қиындай түсуіне ғана ықпал етеді. Сондықтан тек ресми ақпарат іздеу, кәсіби мамандар пікіріне ғана жүгіну маңызды болмақ. Соның бірі – Ұлттық банктің базалық мөлшерлемені көтеруіне қатысты.
«Ұлттық банктің базалық мөлшерлемені көтеруі сыртқы шоктармен байланысты болды. Оған қоса инфляция деңгейі 6 пайызда тұр. Ал ҰБ-ның басты мақсаты – баға тұрақтылығын қамтамасыз ету. Сол тұрғыдан қарағанда базалық мөлшерлеменің өсуі логикаға сыяды. Ал қанша пайыз үстемеледі дегенге келсек, пәлен деп ештеңе айта алмаймын. Яғни, ҰБ 2,75 пайызға өсірді ғой. Ал біз ары кетсе 0,25-0,75 пайызға көбейтеді деп ойлағанбыз. Бірақ ҰБ басқа да тәуекелдерді ескере отырып істеген шығар. Бірер күн бұрын мемлекет несие өтіліміне айыппұл мен өсімпұл есептелмейтінін жариялады. Бұл да балансты сақтауға әсер етеді. Енді әлгі базалық мөлшерлемеге байланысты әлеуметтік желіде сын айтылып жатыр. Сондай-ақ «әлем бойынша базалық мөлшерлемені көтерген Қазақстан ғана екен» деген пікірлер де өріп жүр. Тіпті арнайы картамен де жариялапты.
Алайда мен осы орайда сол картаның да, мәліметтің де жалған екенін айтқым келеді. Бізден бөлек, жыл басталғалы бері Чехия, Қырғызстан мемлекеттері базалық мөлшерлемені көтерді. Мұндай қатаң монетарлық саясат Грузияда да жүріп жатыр. Енді келесі шешім сәуірдің аяғында, одан кейінгі шешім шілде айында болады. Сол кезде ҰБ базалық мөлшерлемені төмендетеді деп ойлаймын.
Сосын ештеңеге қарамастан теңге бағамы 600-ге шығып кетеді деу – мүлде қисынсыз болжам. Мұндайды тіпті кәсіби жорамал деп айтудың өзі қиын. Бұған себеп болатын бірнеше фактор бар. Әрине, мұнай бағасына байланысты теңге құны да әлсірейді. Бірақ мен нақты цифрды айтпай-ақ қояйын. Өйткені бұл жерде Ұлттық банк те әлі біраз нәрсені шеше алады. Олар қатты құлдырау жағдайында интервенция жасауы мүмкін. Сондай-ақ Франкфурт аукционын енгізіп жатыр. Оның үстіне көп ұзамай Ресей мен Сауд Арабиясы да ортақ мәмілеге кеп қалар. Кеше Жапонияның ірі инвестициялық банкі мұнай бағасы минусқа кетіп қалады деп болжам жасапты. Бұл да қисынсыз. Өкінішке қарай, көп адам осындай қиын жағдайды пайдаланып хайп, пиар жасап қалуға да тырысып жатыр», – деді экономист.
Еске салайық, бүгінге күнге Ұлттық банк бекіткен доллардың ресми курсы – 439,32 теңге. Kurs.kz сайтының дерегінше, Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында доллар сатылып жатқан жоқ. Тек бірді-екілі валюта айырбастау бекетінде доллар бағасы – 453.5 теңге деп көрсетіліпті (сол пункттерде болуы мүмкін). Ал сатып алудың орташа курсы – 451.47 теңге.