Індет жұқтырған аурулармен байланыста болғандардың 244 стационарда, ал 327 –і үй жағдайындағы карантинде жатыр. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықова хабарлады.
«Қазіргі уақытта Нұр-Сұлтан қаласында коронавирус инфекциясына қатысты 25 жағдай тіркелген. Оның ішінде 17 жағдай немесе науқастардың 68 пайызы – 30 бен 49 жас аралығында, 4 оқиға – 50-59 жас, 3 оқиға – 18-29 жас аралығында және бір оқиға – 14 жастағы жасөспірімде кездесті», – деді басқарма басшысы.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта науқастардың барлығының жағдайы қанағаттанарлықтай екен.
«Еш шағымы жоқ және дене қызуы шекті нормадан аспаған. 7 бірдей науқас 19 наурызда тіркелді»,-деді Қисықова.
Науқастармен байланыста болған алты адам да стационарға орналастырылды. Оның айтуынша, емдеу хаттамаға сәйкес жүргізілуде.
Елімізде коронавирус ауырған адам 13 наурызда тіркелді. Сол күні төрт оқиға анықталған болатын. 14 наурызда алты адам, 15 наурызда – тоғыз, 16 наурызда – 10, 17 наурызда – 33, 18 наурызда- 36, 19 наурызда – 44, 20 наурызда олардың саны – 49 жетті.
Еске сала кетсек, елімізде төтенше жағдай 16 наурызда сағат 8:00-ден бастап Тоқаевтың бұйрығымен енгізілген болатын. Ол 15 сәуірге дейін жалғасады.
Ал, 19 наурыздан бастап Нұр-Сұлтан мен Алматыда карантин енгізілді.
Бүкіл әлем бойынша жұқтырғандар саны 243 181 адамға жетті.