Алматыда азық-түліктен тапшылық болмайды
Алматыда ұлттық валютаның құнсыздануына байланысты азық-түлік бағасының өскені байқалады. Бұл туралы онлайн-брифинг кезінде қала әкімінің орынбасары Сапарбек Тұяқбаев айтты.
«Бүгінде қалаға сырттан келетін немесе сыртқа шығатын азық-түлік тасымалдаушы көліктер мен логистикалық қызмет түрлеріне «жасыл дәліз» қамтамасыз етілді. Алматыда әлеуметтік маңызды 19 түрлі тауардың түрі бар. Азық-түліктен тапшылық болмайды. Олар тиісті көлемде жеткізіледі», – деді ол.
Оның айтуынша, әкімдік күн сайын әлеуметтік маңызы бар азық түлік бағасын бақылап отыр.
«Барлық базарлар мен дүкендер бойынша тәулігіне екі рет жедел ақпарат алынады. Азық-түлік бағасы сәл көтерілген. Оның себебі, теңгенің құнсыздануы. Әлеуметтік маңызы жоғары азық-түлік тауарларын қатаң бақылауда ұстап отырмыз. Тұрақтандыру қорынан 5 млрд теңге бөлінді»,-деді С. Тұяқбаев.
Сонымен қатар, мегаполисте мейрамханалар мен дәмханалардың, сондай-ақ онлайн-дүкендердің жұмысы күшейтілген.