Алматыда саябақтардың барлығы уақытша жабылды
Алматы әкімдігі коронавирустың таралуын болдырмау мақсатында барлық саябақтарды жапты, деп хабарлайды Интерфакс-Қазақстан.
«Коронавирустың бұдан әрі таралуының алдын алу мақсатында 2020 жылдың 21 наурызынан бастап Алматы қаласындағы барлық ұлттық саябақтар уақытша жабылады»,-деді Алматы әкімінің баспасөз қызметі.
Алматылықтардан карантин кезінде Тұңғыш Президент саябағына, Орталық мәдениет және демалыс саябағына, 28 Панфиловшы паркіне, Family Park-ке, Ботаникалық баққа, «Қиял әлемі» саябағына, Алматы зообағына, Алма-арасан және өзге де адам көп жиналатын орындарға бармауды өтінді.
Бұдан бұрын қала әкімдігінің шешімімен Медеу, Шымбұлақ, Пионер, Көктөбе, сондай-ақ ішкі туризм бойынша экскурсияларды жүзеге асыратын туристік ұйымдардың қызметі эпидемиологиялық ахуал тұрақтанғанға дейін уақытша тоқтатылған болатын.
Алматыда коронавируспен 22 науқас тіркелді.