Алматыда жол картасы әзірленді
«Президент тапсырмаларын жүзеге асыру үшін Алматыда жол картасы әзірленеді»-деп хабарлады Алматы әкімдігінің телеграм каналы.
Қала әкімі Б. Сағынтаев ҚР Президентінің Төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссия жиынында берген тапсырмаларын жүзеге асыру үшін қалалық жедел штабтың отырысын өткізді.
Шаһар басшысы Бақытжан Сағынтаев барлық міндеттерді бөліп, оларды орындау бойынша нақты тапсырмалар берді.
Ең маңыздысы – қаланың карантиндік аймағын толығымен қоршауға алу.
«Қалаға заңсыз кіруге немесе шығып кетуге тырысқан жандарға карантиннің ортақ игілігіміз үшін енгізілгенін түсіндіру керек. Адамдардың денсаулығы мен өмірін сақтау маңызды болып тұр. Ол үшін коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеуіміз керек.», – деп атап өтті Бақытжан Сағынтаев.
Қоғамдық кеңістікті патрульдеу, жарық қою және бейнебақылаумен жабдықтау бойынша шаралар күшейтіледі.
Сондай-ақ, халық жүретін қоғамдық нысандарда санитарлық өңдеу жұмыстары жүргізіле береді. Барлық ХҚКО уақытша жабылады.Қала кеңістігін дезинфекциялау үшін коммуналдық техника қайта жабдықталады.
Көпбалалы отбасыларға, мүгедектер мен халықтың әлеуметтік осал топтарына тегін азық-түлікпен тұрмыстық жиынтық таратылмақ.
Әр тапсырма бойынша нақты орындау шаралары әзірленетін болады.