Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов елордалықтарға үндеу жолдады, деп хабарлайды қала әкімінің баспасөз қызметі.
«Құрметті елорда тұрғындары! Коронавирус пандемиясы әлем бойынша жылдам таралып келеді. Осыларды ескере отырып, біздің елде де қатаң шаралар қабылданды. Тек осындай тәртіп қана медицина қызметкерлеріне үлкен көмек болды және оң нәтиже берді. Біздің елімізде де іс-шаралар дер кезінде қолға алынып, Төтенше жағдай жарияланды. 22 наурыздан бері елордаға кіруге де, шығуға да тыйым салынды. Бұның бәрі сіздердің қауіпсіздіктеріңіз үшін қабылданған шешім»,-деді Көлгінов.
Қала әкімі еліміз өзге елдің тәжірбиесіне сүйенгенін айтты.
«Біз өзге елдердің тәжірибелерін қарадық. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ауырған бір адам кемінде 2-3 адамға жұқтыратынын мәлімдеді. Ал 5-6 күннің ішінде ауырған бір адам 3,5 мың адамның дертті болуына себеп болады»,-деді қала әкімі.
Сонымен қатар ол вирус алғаш тіркелген Қытай, күресті темірдей тәртіп негізінде жүргізгенінің арқасында жеңе білгенін алға тартты.
«Қытай, Оңтүстік Корея елдері азаматтарды оқшаулаудың қатаң әдісін қолданды. Мекемелер, кәсіпорындар, қоғамдық көліктер жұмыстарын тоқтатты. Олар күндеп емес, айлап үйлерінен шықпады»,- деді Алтай Көлібаев.
Қала әкімі елбасы дер кезінде тиісті шаралар қабылдағанын атап өтті.
«Мемлекет басшысы экономиканы, шағын және орта бизнесті, әлеуметтік аз қамтылған топтарды қолдауға, жұмыспен қамтуға бағытталған шаралар қабылдады. Бизнес өкілдері өз кезегінде жұмыс орындарын қысқартпаулары қажет. Елбасының Үндеуінен кейін ел азаматтары үлгі болып арнайы қорға ақша аударып жатыр. Осы Үндеуге сәйкес, біз Нұр Отан партиясымен бірге бірінші кезекте көмекке мұқтаж азаматтарға көмектесуді бастап кеттік. Карантин мен коронавирусқа қатысты сұрақтарыңыз болса 109 номеріне хабарласуыңызға болады. Ол жерде қосымша телефон орталығын аштық. Карантин ерте аяқталсын десек, тәртіпке бағынып, жауапкершілікті терең сезінуіміз керек. Біз бұл қиындықты бірге еңсереміз. Біз біргеміз», – деді қала әкімі Алтай Көлгінов.