Алматыда 18 мыңнан астам аз қамтылған отбасы карантин кезінде азық-түлік себетін алады,- деп хабарлады Алматы әкімдігінің телеграмм каналы.
Қалалық әкімдіктің баспасөз орталығында өткен брифингте Алматы қаласы әкімінің орынбасары Сапарбек Тұяқбаев 18 мыңнан астам жағдайы төмен отбасы карантин кезінде азық-түлік себетін алатындығын айтты.
«Біз аз қамтылған отбасыларды азық-түлікпен қамтамасыз ету бойынша қалалық бағдарламаны бастаймыз. Біз 18 618 отбасы барын анықтадық. Олардың ішінде 9971 отбасы аз қамтылғандардың қатарында, жалғызбасты зейнеткерлер – 2585 болса, 1 және 2 топтағы мүгедектер – 5143. Сонымен қатар, мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған 919 отбасы бар. Қала тұрғындары азық-түлікке мұқтаж адамдар туралы қосымша хабарлай алады», -деді С. Тұяқбаев.
Ертеңнен бастап байланыс орталығы іске қосылады. Егер сіз көмекке мұқтаж адамдарды білсеңіз, бірден қоңырау шала аласыз. Жағдай расталған соң, аудандық әкімдіктер тиісті мекен-жайға азық-түлік, бетперде мен антисептиктер жеткізеді.
Қазіргі уақытта, стандартқа сай себеттер әзір тұр. Жоспар бойынша күніне 1000 себет тиісті мекен-жайларға жеткізілмекші. Қазір тізім жасалуда, ол азаматтардың өтініші бойынша әлі толықтырылады,-деді ол.
Сонымен қатар, аталған іс-шара аясында әкімдік «Nur Otan» партиясымен ынтымақтаса жұмыс істеуде. Демеушілік қаражаттың арқасында партия қор құрып, оған аз қамтылған отбасыларға арнап 6000 астам пакет пен гигиена құралдарын сатып алды.