Алматы мен Нұр-Сұлтанда карантин режимі күшейтіледі

Жарияланды (жаңартылды )
Мемлекеттік комиссия отырысының шешімі 28 наурыздан өз күшіне енеді

Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның селекторлық отырысы өтті. Мемлекеттік комиссия биыл 28 наурыз күнгі сағат 00.00-ден бастап  Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында карантин режимін күшейту туралы шешімді  бекітті, деп хабарлайды primeminister.kz сайты. 

Нақты айтқанда:

  1. Азық-түлік, дәрі-дәрмек сатып алуды және жұмысқа баруды қоспағанда, азаматтардың тұрғын үйден шығуын шектеу;
  2. Халық көп жиналатын орындарды жабу (саябақтар, скверлер, жаяу жүретін көшелер, жағалаулар, ойын алаңдары және т. б.);
  3. Қоғамдық көлік жұмысын кезең-кезеңмен шектеу;
  4. Көшелерде және басқа да қоғамдық орындарда үш адамнан артық топтасып жиналуға тыйым салу (отбасы мүшелерінен басқа); 
  5. Кәмелеттік жасқа толмағандардың үлкендерсіз сыртта жүруіне тыйым салынады.

Ал Шымкент қаласындағы Абай ауданында «Тәуелсіздікке 20 жыл» тұрғын үй алабында үйді-үйді аралауды ұйымдастырумен 14 күнге созылатын карантин енгізіледі. Сонымен қатар  әуежайдың, теміржол вокзалы және автовокзалдың, балабақшалардың жұмысы тоқтатылады. Халық көп жиналатын жерлер жабылады (саябақтар, скверлер, жаяу жүргінші көшелері, ойын алаңдары т. б.). Қоғамдық тамақтандыру орындарының жұмысы сағат 18.00-ге дейін шектеледі (сағат 18.00-ден сағат 22.00-ге дейін үйге жеткізумен). Қоғамдық көлік қозғалысы кезең-кезеңмен шектеледі. Азық-түлік дүкендерінің, сауда орталықтары мен киім-кешек базарларының, қызмет көрсететін нысандардың жұмыс режимін шектеу Шымкент қаласының әкімінің шешімі бойынша жүзеге асырылады. 

Бұған дейін Ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаев Мемлекеттік комиссия карантин кезінде көшеде жүру ережесін қатаңдату мәселесін қарастыратынын мәлімдеген еді.

Қазіргі кезде Қазақстан бойынша 109 науқас коронавирус індетін жұқтырған. Тек соңғы тәулікте ғана Нұр-Сұлтан қаласында – 9 адам, Алматы каласында 6 пациенттің вирус жұқтырғаны анықталған. Осы сағатта Нұр-Сұлтан қаласында – 61 адам, Алматы қаласында – 40, Қарағанды каласында – 2, Шымкент қаласында – 2, ал Алматы, Ақтөбе, Жамбыл, Солтүстік Қазақстан облыстарында  бір адамнан тіркелген. Соның ішінде екі адам сауығып, ауруханадан шықты. 

COVID-19 коронавирус инфекциясы Қазақстанда 13 наурызда анықталды. 16 наурызда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығы бойынша  елімізде төтенше жағдай режимі енгізілді, ол 15 сәуірге дейін жалғасады және қажет болған жағдайда мерзімі ұзартылуы мүмкін. 19 наурыздан бастап Нұр-Сұлтан мен Алматы карантинге жабылды.
 

Сондай-ақ оқыңыз