Коронавирустың кесірінен мәжіліске аз депутат келді
26 наурызда өткен Парламент Мәжілісінің жалпы отырысына парламенттің төменгі палатасының 107 депутатының 81-і қатысты.
«Енді жалпы отырыстарға әрбір заң жобасы бойынша тек депутаттар мен негізгі баяндамашылар қатысады. Бұл өз кезегінде залда отырғандарды Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының санитарлық нормаларына сай орналастыруға мүмкіндік берді. Мұны бәріңіз байқадыңыздар», – деді Парламент Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин.
Ол Парламент Мәжілісінің жалпы отырысы жаңа форматта өтіп жатқанын алға тартты.
«Біздің кейбір әріптестеріміз қатыспады. Алайда оған алаңдамаңыздар. Олардың барлығы аман-есен. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының нұсқауына сәйкес, жасы 65-тен асқан кейбір әріптестерімізге жалпы отырысқа қатыспауға және үйлерінде болуға кеңес бердік. Кворум пленарлық отырыстарды осындай форматта өткізуге мүмкіндік береді», – деді Нығматулин.
Күн тәртібін бекіту туралы мәселе бойынша 81 депутат дауыс берді, оның ішінде 80 депутат күн тәртібін қолдады.
«Қазір барлық дауыс маңызды», – деді Нығматулин.
Оның үстіне, депутаттардың барлығы дерлік медициналық маска таққан. Алайда, Зағипа Бәлиева мен Нұрлан Нығматулинда бетперде болмады.