Сотталғандар да маска тігеді
Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев жұмыс сапарымен Аршалы кентінде орналасқан ЕЦ-166/5 төтенше қауіпсіздік мекемесіне барды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жұмыс сапары барысында министр осы мекеменің өндірістік алаңында медициналық бетперде жасау процесімен танысты.
ІІМ басшысының тапсырмасы бойынша ҚАЖК ”Еңбек” РМК колонияларында қорғану бетперделерін тігу жұмысы бастлды. ”Еңбек” республикалық мемлекеттік кәсіпорны осы маскаларды дайындауға сертификат алды.
Стандартқа сәйкес, қорғаныс құралының материалы гипоаллергенді. Шаңнан қорғау қасиеттеріне ие. Сонымен қатар, ауаны жақсы өткізеді.
Қорғану бетперделерін тігуді жаппай іске қосу мақсатында барлық өңірлердің ҚАЖ мекемелерінде тігін цехтарының қызметі жандандырылды. Мыңнан астам тігін станоктары мен машиналары іске қосылды. Бүгінгі таңда, еліміздегі колонияларда 130 мыңнан астам бетперде өндіріледі.
«Коронавирусты жағдай біздің қоғамымызды біріктірді. Бүгін мен Аршалы кентіндегі мекемеге бардым, онда бетперде тігу цехында 40 адам жұмысқа орналасқан. Санитарлық талаптар сақталған, бетперде тігу материалдары бар. Сотталғандар елдегі жағдайдың маңыздылығын түсіне отырып, екі ауысымда жұмыс істеуге дайын. Мен ҚАЖК-нің және «Еңбек» РМК-ның басшылығына сотталғандарға жалақы төлеуден басқа, оларды ақшалай сыйақымен көтермелеуді тапсырдым»,-деді Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев.