Ұлттық банк қолма-қол ақшасыз төлемді қолдануға кеңес берді

Жарияланды
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы кеңес берген шараларды орындау керек

Ұлттық банк дүкендер мен дәріханаларда, онлайн саудада қолма-қол ақшасыз төлеммен есеп айырысуға кеңес береді. Бұл коронавирустың өршуіне жол бермейді екен.

Ұлттық банктің қолма-қол ақша айналымы департаментінің директоры Жомарт Қажымұратовтың айтуынша, COVID-19 вирусының таралу ықтималдығына қатысты түсініктеме беру банк құзыретіне жатпайды екен.

«Қолма-қол ақшаны пайдалануға байланысты қауіп мәселен есіктің тұтқасын, несие картасын немесе ұялы телефонды ұстап, пайдалану қаупінен жоғары емес. Біз қолымызбен күнделікті қаншама зат ұстаймыз. COVID-19 індеті жұққан ақшаның айналымға түсу ықтималдығы төмен. Алдымен банкнот ұзақ мерзімде инкассацияда сақталынып тұрады. Ұлттық банктің ішкі нормативіне сәйкес, екінші деңгейлі банктерден түсетін қолма-қол ақша қайта есептелгенге дейін 45 күн, ал есептелгеннен соң 1 жыл уақыт ашылмай тұруы бек мүмкін», – деді ол.

Оның айтуынша, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ақпаратына сәйкес, қазіргі таңда «індеттің заттың үстіңгі қабатында тұрақты түрде сақталып қалатыны туралы мәлімет жоқ».

Коронавирустың қоршаған ортадағы тұрақтылығы бірқатар факторларға, соның ішінде температура мен ылғалдылыққа, сондай-ақ беттік материалға байланысты.

«Қолма-қол ақшамен жұмыс істейтін кассалық жұмысшыларға әсіресе қолды жиі жууға кеңес беріледі. Олар ДДҰ мен ҚР Денсаулық сақтау министрлігі берген кеңестерді сақтауы тиіс», – деді Ұлттық банктің қолма-қол ақша айналымы департаментінің директоры Жомарт Қажымұратов.

 

Сондай-ақ оқыңыз