Бекерден-бекер көшеде жүргендерге айыппұл салынады

Жарияланды (жаңартылды )
Азық-түлік алуға, дәріханаға, жұмысқа, денсаулық жағдайымен емханаға барып келуге рұқсат

Тікелей эфирде өткен брифингте Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев күшейтілген карантин талаптарын түсіндірді.

 «Тұрғындар үй жануарларын үй маңында серуендете алады. Егер азаматтар басқа себеппен сыртқа шықса, онда алдымен ескерту, одан кейін кейіннен 26,5 мың теңге мөлшерінде айыппұл салынуы немесе 15 тәулікке қамауға алынуы мүмкін. Полиция қызметкері хаттама толтырып, істі сот қарайды. Сонымен қатар төтенше жағдай кезінде билік өкілінің заңды талабына бағынбағаны үшін қылмыстық жауапкершілік көзделген», – деді Абаев. 

Сонымен қатар министр коронавирустан қайтыс болған кісіні қалай жерлейтініне қатысты түсініктеме беріп өтті.

«Бүгін-ертең бас санитар дәрігердің  ресмиқаулысы шығады. Ол жерде қатаң сақталуы керек ережелер көрсетіледі. Дәрігерлер айтқан санитарлық талаптарды қатаң сақтау қажеттігі туралы Қазақстан  мұсылмандары діни басқармасы мен Проваслав шіркеуі тиісті пәтуә мен ескерту әзірледі», – деді министр.

Осы ретте шенеунік бұл шаралардың бәрі тұрғындардың денсаулығы мен вирустың таралуының алдын алу үшін қолға алынып жатқанын айтып өтті. 

 «Әрине құқық қорғау орындары карантин шараларының сақталуын қатаң қадағалайтын болады. Бірақ карантин сізге қарсы емес. Ол сіздің денсаулығыңыз бен отбасыңыздың амандығы үшін маңызды. Сондықтан енгізілген шектеулерге түсіністікпен және жауапкершілікпен қарауды сұраймыз», – депі түйіндеді министр.

Бүған дейін  төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссия  28 наурыз күнгі сағат 00.00-ден бастап  Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында карантин режимін күшейту туралы шешімді бекіткен еді. 

Нақты айтқанда:

  1. Азық-түлік, дәрі-дәрмек сатып алуды және жұмысқа баруды қоспағанда, азаматтардың тұрғын үйден шығуын шектеу;
  2. Халық көп жиналатын орындарды жабу (саябақтар, скверлер, жаяу жүретін көшелер, жағалаулар, ойын алаңдары және т. б.);
  3. Қоғамдық көлік жұмысын кезең-кезеңмен шектеу;
  4. Көшелерде және басқа да қоғамдық орындарда үш адамнан артық топтасып жиналуға тыйым салу (отбасы мүшелерінен басқа); 
  5. Кәмелеттік жасқа толмағандардың үлкендерсіз сыртта жүруіне тыйым салынады.

Ал Шымкент қаласындағы Абай ауданында «Тәуелсіздікке 20 жыл» тұрғын үй алабында үйді-үйді аралауды ұйымдастырумен 14 күнге созылатын карантин енгізіледі. Сонымен қатар  әуежайдың, теміржол вокзалы және автовокзалдың, балабақшалардың жұмысы тоқтатылады. Халық көп жиналатын жерлер жабылады (саябақтар, скверлер, жаяу жүргінші көшелері, ойын алаңдары т. б.). Қоғамдық тамақтандыру орындарының жұмысы сағат 18.00-ге дейін шектеледі (сағат 18.00-ден сағат 22.00-ге дейін үйге жеткізумен). Қоғамдық көлік қозғалысы кезең-кезеңмен шектеледі. Азық-түлік дүкендерінің, сауда орталықтары мен киім-кешек базарларының, қызмет көрсететін нысандардың жұмыс режимін шектеу Шымкент қаласының әкімінің шешімі бойынша жүзеге асырылады. 

 

Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында 30 наурыз бен 5 сәуір аралығында кәсіпорындар мен ұйымдардың жұмысы уақытша тоқтайды.

Қазіргі кезде Қазақстан бойынша 125 адам коронавирус індетін жұқтырған.

Нұр-Сұлтан қаласы бойынша 60 адам, Алматы қаласында – 48 адам, Қарағанды қаласында – 4, Жамбыл облысында -3, Атырау облысы – 3, Шымкент қаласында – 2, Алматы, Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Павлодар облыстарында 1 адамнан тіркелген. Соның ішінде екі адам сауығып, ауруханадан шықты. 

COVID-19 коронавирус инфекциясы Қазақстанда 13 наурызда анықталды. 16 наурызда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығы бойынша  елімізде төтенше жағдай режимі енгізілді, ол 15 сәуірге дейін жалғасады және қажет болған жағдайда мерзімі ұзартылуы мүмкін. 19 наурыздан бастап Нұр-Сұлтан мен Алматы карантинге жабылды….
 

Сондай-ақ оқыңыз