Алматыда карантин режимін күшейту шаралары енгізілді
Алматы әкімдігі төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі қалалық жедел штаб, қосымша шектеу шараларын бекітті. Бұл шектеу 28 наурыздан сағат 00.00-ден бастап 2020 жылдың 5 сәуірі сағат 23.59-ға дейін енгізілмек,-деп хабарлады Алматы Әкімдігінің телеграмм каналы.
«Коронавирустың таралуына қатысты жағдай біз ойлағаннан да ауыр болды. Қауіпті бағаламау –жауапсыздық әрі заң бұзғанмен бірдей. Біз вирусты оқшаудап, оның таралуын болдырмау үшін барлық қажетті шараларды жүзеге асырудамыз. Бізге тек сіздердің қолдауларыңыз қажет», — деді қала әкімі Бақытжан Сағынтаев.
Бекітілген хаттамаға сәйкес, қаланың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін ұйымдардан бөлек, барлық ұйымдар мен кәсіпорындардың жұмысы 30 наурыздан бастап 5 сәуірге дейін уақытша тоқтатылады. Бұл санатқа қалалық басқару органдары, азық-түлік, медициналық және ветеринарлық нысандар, қаланың тыныс-тіршілігі мен қауіпсіздігін үздіксіз қамтамасыз ететін қызметтер мен БАҚ кірмейді. Қажеттілік болмаса қалада адамдар мен жеке көліктің жүруіне тыйым салынады. Азық-түлік және дәрі-дәрмектер алу үшін үйдің қасындағы дүкен мен дәріханаға баруға болады. Сондай-ақ үй жануарларын серуендетуге рұқсат етілген.
«65 жастан асқан тұрғындардың көшеге шықпауын сұраймын. Бұл ретте мұқтаждарға әлеуметтік қызметкерлер мен еріктілер қажетті көмек көрсетеді. Қалада кәмелетке толмағандардың ересектерсіз жүруіне болмайды», — деді Алматы қаласының әкімі.
Төтенше жағдай кезінде туыстарға барып, қонақ шақыруға тыйым салынады. Жерлеу рәсіміне қатысатындар 10 адамнан аспау керек. Қала көшелерінде құқық қорғау органдары мен ҚР Ұлттық гвардиясының өкілдері тәулік бойы бақылайтын болады. Тәртіпке бағынбағандар үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік көзделген.
«Бұл шаралардың барлығы қоғамның денсаулығын қорғап, әл-ауқатын көтеру үшін жүзеге асырылуда. Бұл күндері әрқайсымыз жеке бастың әрі ұжымдық жауапкершілікті таныта білуіміз тиіс. Әркім өзінің гигиенасын сақтап, өзін-өзі оқшаулау арқылы коронавирус індетінің таралуын болдырмауға септігін тигізбек. Бірлесе біз бұл қиындықты еңсереміз», — деді Бақытжан Сағынтаев.