Алматы облысында тағы 2 адам коронавирус жұқтырды
Алматы облысында коронавирус диагнозымен тағы 2 адам тіркелді. Олар Қарасай және Еңбекшіқазақ ауданында анықталды,- деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Бірінші жағдайда Қарасай ауданы Кемертоған ауылында тұратын 41 жастағы әйелдің вирус жұқтырғаны анықталып, Қарасай аудандық инфекциялық ауруханасына жатқызылды. Оған қоса онымен қарым-қатынаста болған 6 адам, соның ішінде азаматшаның күйеуі мен 2020 жылы туған сәбиі карантинге алынды.
Екінші жағдайда ағайын-туыстар Өзбекстанға үйлену тойына өз шағын автобустарымен барған. 14 адамның Өзбекстаннан келгені туралы мәліметтерді Түркістан облысындағы санитарлық-эпидемиологиялық мамандар хабарлап, облысқа келген бетте олар провизорлық стационарға жатқызған. Соның ішінде 1960 жылы туған азаматшадан вирус анықталып, қазір ол Қарасай аудандық инфекциялық ауруханасына жатқызылды, ал қарым-қатынаста болған өзгелері карантинде.
Жалпы, Алматы облысында індетке шалдыққандар саны – 6.