Павлодар облысы бас санитар дәрігері орынбасарының бұйрығына сәйкес, 2020 жылдың 1 сәуірі сағат 00.00-ден бастап аймақта қауіпсіздік шаралары күшейтіледі. Шекаралас облыстарға/шекаралас облыстардан кез келген көлікпен жолаушыларды тасымалдауға, еліміздің өзге өңірлері мен басқа мемлекеттер азаматтарының кіруіне тыйым салынады.
Тек дипломатиялық қызметкерлердің, емделуге баратын және келетін адамдардың, азық-түлік және азық-түлікке жатпайтын тауарлар тиелген транзиттік жүк көліктерінің қатынауына рұқсат етіледі.
Сонымен қатар, тұрғындардың 22.00-ден кейін үйден шығуы, қоғамдық орындарға, оның ішінде жағалауларға, саябақтарға, алаңдарға, ойын және спорт алаңдарына, тағы да басқа жерлерге баруы шектеледі.
Павлодар облысы әкімінің орынбасары Асхат Ораловтың айтуынша, қазіргі таңда 634 адам карантинге алынды. Олардың 77-сі стационарлық режимде, 557-сі үй жағдайында ем алуда.
«Бүгінгі күнге дейін 628 адам каратиннен шығарылды. Облыс орталығындағы ауруханаларда инфекция жұқтырған адамдарды қабылдайтын 845 төсек дайын», – деді Асхат Оралов.
Айта кетелік, осы уақытта Павлодар облысында коронавирус инфекциясын жұқтырған бір адам тіркелді.