Коронавирустың кесірінен дүние жүзінде 25 млн адам жұмыссыз қалуы мүмкін
Халықаралық еңбек ұйымының (ХЕҰ) жаңа болжамына сәйкес, COVID-19 пандемиясынан туындаған экономикалық және еңбек дағдарысы кесірінен дүние жүзінде жұмыссыздардың саны 24,7 миллионға жетеді. Салыстыру үшін айтсақ, 2008-2009 жылдағы әлемдік қаржы дағдарысы кезінде әлемдегі жұмыссыздар саны 22 миллионға жеткен деп жазады Finprom.kz.
Ұйымның болжамы бойынша, көбіне жоғары табыс табатын қызметкерлер жұмыссыз қалмақ. Жағдай аса қиындамаса 2,8 миллион адам қызметінен айырылуы мүмкін. Ал өте жағымсыз сценариймен өрбитін болса, әлемде 14,6 млн топ-менеджерлер жұмыссыз қалуы ықтимал. Ал ортадан төмен табыс табатын 2,8 млн адам, жалақысы ортадан жоғары 7,4 млн қызметкер жұмысынан шығып қалуы мүмкін.
Жұмыс пен қызметтен шығу деген – күнделікті табыс көзінен айылу деген сөз. Халықаралық еңбек ұйымының есебі бойынша, оның көлемі 2020 жылдың соңына қарай 860 миллиардтан 3,4 трлн долларға дейін жетуі мүмкін. Бұл өз кезегінде халықтың тұтынушылық қабілетін төмендетіп, бизнес пен экономикаға кері әсерін тигізеді.
Сонымен қатар ұйым әлемдегі кедейлердің де қатары арта түседі деп болжам жасап отыр. ХЕҰ мәліметі бойынша, дүние жүзінде кедейліктің азабын тартатын адамдардың қатары 35 миллионға жетпек.
COVID-19 тудырған пандемия Қазақстанның еңбек нарығына да кері әсерін тигізеді.
Айталық, карантин енгізілген соң тек Алматының өзінде кәсіпорындардың қызметкерлер саны 266 мың адамға қысқарды. Дәл осындай жағдай жеке кәсіпте де байқалды. Олардың 80 пайызы өз қызметін тоқтатқан. Бұл туралы төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссия отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі айтқан еді. Осылайша, алдын ала есептеулерге сәйкес, төтенше жағдай шамамен 500 мың азаматтың қаржылық жағдайына кері әсерін тигізген. Сондықтан мемлекет басшысы төтенше жағдай кезінде табысынан айырылғандарға ең төменгі жалақы мөлшерінде, 42500 теңге жәрдемақы төлеуді тапсырған болатын. Жалпы алғанда бұл көмекті еліміздің 1,5 млн тұрғыны ала алады.
Осы ретте «Жұмыспен қамту жол картасы» да елдегі іскерлік белсенділікті қолдау мен жұмыспен қамтудың тағы бір тетігі болуы тиіс. Оған 300 млрд теңге қаражат қарастырылған. Аймақтардан түскен өтінімдердің негізінде бұл қаржы 1 трлн теңгеге жетуі мүмкін, ол өз кезегінде 250 мыңға жуық жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.
Жалпы алғанда Үкімет дағдарысқа қарсы шараларға 4,4 трл теңге немесе 10 млрд доллар қаржы жұмсамақ.
2019 жылдың төртінші тоқсанында Қазақстанда 441,4 мың жұмыссыз тіркелген, ал жұмыссыздық деңгейі 4,8%-ды құрағанын айта кетейік. 15-28 жас аралығындағы жұмыссыз жастар саны 81,1 мың адамға жеткен. Ал осы тоқсанның көрсеткіші бұл санды басып озары анық, тек мемлекеттік қолдау ғана еңбек нарығындағы жағдайды біршама жақсартуы ықтимал.
Мәселен, 27 наурызда өткен брифингте Алматы қаласы әлеуметтік әл-ауқат басқармасының басшысы Данияр Әлкебайұлы Алматыда бір күннің ішінде 400 адам жұмыссыз ретінде тіркелгенін айтып өтті.
Жұмыссыз қалған халық күнкөріс көзін іздеуге мәжбүр. Соңғы күндері «Google » іздеу жүйесінде «Қазақстандағы жұмыссыздық, жәрдемақы» тақырыбындағы ақпаратты іздестіру соңғы 5 жыл ішіндегі рекордтық көрсеткішке жеткен. Сонымен қатар «доставка», «жұмыс» деген сөздер де 22-28 наурыз аралығында іздеу жүйелерінде ең көп жазылған.