Тоқаев зейнетақы мен жәрдемақыны 10 пайызға индексациялауды тапсырды

Жарияланды
Мемлекет басшысы ел халқына үндеу жолдады

Инфляцияның артуына байланысты, зейнетақы, мемлекеттік жәрдемақы және атаулы әлеуметтік көмек мөлшері 10 пайызға индексацияланады. Бүгін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі төтенше жағдайға және мемлекеттің экономика мен әлеуметтік саладағы дағдарысқа қарсы іс-шараларына байланысты мәлімдеме жасады. 

«Біз дүрбелең тудыруға жол бермейміз. Дәл осы кезде халық мемлекетке қолдау көрсетуі керек. Бұл аса маңызды. Коронавирус бұл – батпандап кіріп, мысқалдап шығатын қауіпті дерт. Дегенмен біз індетке шалдыққандарға барлық қажетті көмекті көрсетеміз. Бүгінде бүкіл еліміз дәрігерлер мен медицина қызметкерлерінің қайсарлығына тәнті болуда. Олар адам өміріне араша түсіп жатқан бүгінгі күннің батырлары», – деді мемлекет басшысы. 

Сондықтан оларға үш ай бойы үстемақы төленеді. Осы қиын кезеңде халықтың денсаулығымен қатар,  әл-ауқаты, табысынан айырылмауы маңызды.

«Мен бұған дейін дағдарысқа қарсы алғашқы шаралар топтамасын жарияладым. Жағдайдың ушыға түскенін ескеріп, азаматтарға және бизнеске одан әрі қолдау көрсету жөнінде мынадай қосымша шешімдер қабылдадым. Инфляцияның артуына байланысты, зейнетақы, мемлекеттік жәрдемақы және атаулы әлеуметтік көмек мөлшерін 10 пайызға индексациялауды тапсырдым», -деді Президент. 

Осыған орай, аталған санаттағы азаматтардың табысын арттыру үшін мемлекет тарапынан 200 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінеді.

«Енді, 42500 теңге көлеміндегі осы көмекті алатын азаматтардың санатын кеңейтуді тапсырамын. Соған орай, бұл қолдауға өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен ресми тіркелмей жұмыс істейтіндер де ие болады. Бұл көмек белгіленген тәртіп бойынша шын мәнінде мұқтаж адамдарға ғана беріледі. Жалпы, 3 миллионға жуық азаматымызға қолдау көрсетіледі»,-деді мемлекет басшысы.

Тұрмысқа қажетті заттар мен азық-түлікті тегін алатын азаматтар көбейеді. Мүгедектер және жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтар да көмек ала алады. Тегін азық-түлік 800 мыңнан астам адамға беріледі. 

«Біз шағын және орта бизнеске қолдау көрсету үшін бұрын-соңды болмаған шараларды қолға алып отырмыз. Әкімдіктер жергілікті кәсіпорындардың өнімін кем дегенде 6 ай бойы кепілді сатып алу тәртібін жолға қоюы керек. Шағын және орта бизнес өкілдерін биылғы 1 қазанға дейін еңбекақы төлеу қорынан ұсталатын салықтан босатуды тапсырамын.Мұндай қолдау сауда, көлік қызметі, қонақүй, туризм және басқа да салаларды қамтиды, -деп айтып өтті президент. 

Ауыл шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлерге де қолдау көрсетіледі. Атап айтқанда, бюджеттен 70 миллиард теңге бөлінеді. Көктемгі егіс науқаны үшін «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы арқылы қосымша 100 миллиард теңге бөлуді тапсырды. 

 

Сондай-ақ оқыңыз