Жаңалықтар

Төтенше жағдай кезінде Қызылорда облысында ұзату тойы өтті

Тойды ұйымдастырған әкеге айыппұл салынды

Қызылорда облысында төтенше жағдайға қарамастан қызының ұзату тойын жасаған қызылордалық жауапқа тартылды, – деп хабарлайды Polisia.kz сайты.

Әлемді дүрліктірген індетке байланысты, елімізде жарияланған төтенше жағдайға сәйкес, полиция қызметкерлері жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып үндіз-түні жұмыс істеп жатыр. 

Бүгінгі күні қоғамдық тәртіп пен қатаң шараларға қарамастан төтенше жағдай режимін бұзу, жалған ақпараттар таратып, халықты дүрбелеңге салу сынды әрекеттерге барып жатқан азаматтар саны азаяр емес. 

Бұған дәлел ретінде, төтенше жағдай кезінде ескертулерге құлақ аспай той өтіп жатқаны туралы бейнежазба әлеуметтік желілер арқылы облыс тұрғындары арасында кеңінен тарады. Полиция қызметкерлері бұл деректі дереу тексеруге кірісті. Тексеру жұмыстарының нәтижесінде Қызылорда облысы Жаңақорған ауданының тұрғыны қызының ұзату тойын жасағаны анықталды.

Той иесіне қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексінің 476-бабына сәйкес әкімшілік хаттама толтырылып, жинақталған құжаттар сотқа жолданды. 

Онлайн-режимде өткен сот шешімімен оған 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынды.