Жаңалықтар

Қазақстанда ардагерлерге ақшалай көмек көрсетіледі

Министр біржолғы ақшалай көмекті біркелкі мөлшерде бөлуді ұсынды

Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында депутаттар Екінші дүниежүзілік соғысының ардагерлеріне Жеңіс күні қарсаңында берілетін біржолғы ақшалай көмекті біркелкі мөлшерде бөлуді ұсынды. Бұл туралы Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов мәлімдеді.  

«Жергілікті атқарушы органдар жыл сайын Жеңіс күні қарсаңында Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлеріне, оларға теңістірілген адамдарға және тыл еңбеккерлеріне біржолғы ақшалай көмек көрсетеді. Ардагерлермен кездескен кезде әр аймақта төлемдер әртүрлі екенін айтқан еді. Себебі оның мөлшерін жергілікті органдар айқындайды. Биыл Жеңіс күніне орай берілетін төлемдер қандай мөлшерде болады? Біздің ойымызша, біркелкі мөлшерде бөлінуі керек», – деді депутат Балайым Кесебаева.

 
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов ардагерлерге берілетін төлемдер Қазақстан бойынша біркелкі болғанын айтты.

 
«Осыған қатысты Үкіметтің басшылығымен тиісті ұсыныс әкімдіктерге берілген. Бұл жерде біз төменгі мөлшерін белгіледік. Екінші дүниежүзілік соғыстың қатысушыларына, мүгедектеріне ең төменгі сома 300 мың теңгеден кем емес»,- деді министр.

Сонымен қатар, министр егер мүмкіндіктері болса, кейбір облыстар одан да жоғары береміз десе өз еркі екенін атап өтті.