Қазақстандық банктер халық пен бизнеске көмектесуі тиіс

Жарияланды
Регулятор көмек беру тетіктерін әзірлеп жатыр

Екінші деңгейлі банктер халық пен кәсіпкерлерге көмек қолын созуы тиіс. Бұл туралы Үкімет отырысында премьер-министр Асқар Мамин мәлімдеді. 

«Банктер ел халына және кәсіпкерлерге көмектесуі тиіс. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне екінші деңгейлі банктермен бірлесе отырып нақты ұсыныс жасау тапсырылды», -деді ол. 

Осы ретте премьер-министр 3 миллионға жуық қазақстандық 42500 теңге көлемінде әлеуметтік төлем алатынын айтып өтті. Көпбалалы аналар, жұмыссыздар тұрақты түрде азық-түлік себетімен қамтамасыз етіледі. 

Әкімдіктерге жұмыспен қамту жол картасын уақытылы әрі тиімді іске асыруды, әлеуметтік қолдаудың барлық түрлерін төлеуді қамтамасыз етуді тапсырды.

Жыл басынан бері мұнай бағасы 65,7%-ке, металдар 15,6%-ке, әлемдік биржа индекстері орта есеппен 20,9%-ке арзандады. Биыл 1 сәуірдегі жағдай бойынша, мұнай бағасы бір барреліне 22 долларға төмендеп кеткен.

Осы жағдайды ескере отырып, Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов жалпы ішкі өнім  0,9%-ке төмендейді деп мәлімдеді. 

Сондықтан ҚР ҰЭМ бюджет кірісі тапшылығын жабу және дағдарысқа қарсы шаралар кешенін қаржыландыру үшін 2020 жылы Ұлттық қордан кепілдендірілген трансфертті 2 трлн 70 млрд теңгеге көбейтіп, яғни 4 трлн 770 млрд теңгеге дейін артыруды ұсынып отыр.

Республикалық бюджетті нақтылау үшін өткен жиында «Ұлттық қордан 2020-2022 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» Заңына өзгеріс енгізу туралы» Президент Жарлығының жобасы қаралып, үкімет мүшелері бұл ұсынысты бір ауыздан қолдады. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 31 наурыздағы мәлімдемесінде мемлекет шағын және орта бизнеске қолдау көрсету үшін бұрын-соңды болмаған шараларды қолға алып отырғанын айтып өткен еді. Оларды1 қазанға дейін еңбекақы төлеу қорынан ұсталатын салықтан босатуды тапсыра отырып, регулятор ШОБ несиесіне шегерім жасау мен қарызды қайта құрылымдау бойынша жұмыс атқарып жатқанын мәлімдеді. 

Бұған дейінгі қаржылық дағдарыс кезінде мемлекет банктерге қомақты қолдау көрсеткенін еске салған Президент енді банктердің де азаматтық жауапкершілік пен ынтымақтастық танытатын кезі жетті деп түйіндеді. 

«Қазір сіздердің қолдауларының халық мен отандық бизнеске ауадай қажет. Жағдай бұдан әрі ушығатын болса, үкімет пен қаржылық реттеуші осы мәселені шешуді өз қолына алады»,- деді Тоқаев. 
 

 

Сондай-ақ оқыңыз