Төтенше жағдайдан қанша кәсіпкер зардап шекті?
Төтенше жағдайға байланысты кәсібі тоқырап қалған кәсіпкерлердің нақты саны олар есеп-қисабын өткізгеннен кейін белгілі болады. Бұл туралы Орталық коммуникациялыр қызметінде өткен брифингте Ұлттық экономика вице-министрі Мәди Такиев мәлімдеді.
«Төтенше жағдайға байланысты қиындыққа тап болған кәсіпкерлерің санын нақты айта алмаймыз. ТЖ жарияланғанына тек 2 апта болды. Бұл кезеңге әлі санақ жүргізбедік. Олардыі тапсырған есептілігін көреміз. Жыл соңына қарай нақты сандарды айтамыз», – деді вице-министр.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Үкімет төтенше жағдай кезінде бизнесті қолдаудың бірқатар тетіктерін әзірлеген болатын.
Мәди Такиевтің айтуынша, Мемлекет басшысының «Экономиканы тұрақтандыру жөніндегі одан арғы шаралар туралы» Жарлығына сәйкес, бизнесті қолдау үшін салықтық ынталандыру жасалды. Ол сауда саласынан бастап, туристік бизнеске дейінгі экономиканың түрлі салаларын қамтиды.
Мәселен, ірі сауда нысандары, сауда-ойын-сауық орталықтары, кинозалдар, тетарлар, көрмелер мен спорттық нысандар, қоғамдық тамақтандыру, қонақүй және туристік қызмет саласындағы салық төлеушілер жыл соңына дейін мүлік салығынан босатылған. Бұдан бөлек, салық салудың жалпыға ортақы тәртібімен жұмыс істейтін жеке кәсіпкерлер жыл соңына дейін жеке табыс салығынан босатылды.
«Агроөнеркәсіптік кешенді қолдау мақсатында мүйізді ірі қара мал және асыл тұқымды балапан өсіретін АӨК биологиялық активтер импортына ҚҚС салынбайды», – деді вице-министр.
Мемлекеттің қолдауынан шаруалар да шет қалмайды, ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер жыл соңына дейін ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер үшін салық төлемейді. Сонымен қатар әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының ҚҚС мөлшерлемесі 1 қазанға дейін 12%-тен 8%-ке азайтылды.