Індетке қарсы екпе егіледі
Солтүстік Қазақстан облысының полицейлері мессенджер арқылы тараған індетке қарсы екпе егу туралы хабарламаның жалған екенін мәлімдеді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Белгісіз автор пәтердің есігін ешкімге, әсіресе полиция қызметкерлерімен бірге келген дәрігерлерге ашпауға шақырады.
«Олар вирустық инфекцияға тест жүргізіп, арты өлімге әкеп соғатын екпе егеді» делінген жазбада.
Солтүстік Қазақстан облысының Полиция департаменті бұл ақпараттың жалған екенін ресми түрде растады.
СҚО Полиция департаменті басшысының бірінші орынбасары Қанат Айтбаевтың айтуынша, полиция қызметкерлері дәрігерлермен бірге пәтер тексерумен емес, төтенше жағдай режимінде қоғамдық тәртіпті сақтап, жол қауіпсіздігін қамтамасыз етумен айналысады.
Сондай-ақ, төтенше жағдай кезінде тәртіп сақшылары тәулік бойы блок-бекеттерде қызмет етіп, инфекция ошақтары анықталған жерлерді күзетеді.
Сонымен бірге жалған ақпарат таратқаны үшін ҚР Қылмыстық кодексінде айыппұлдан бастап бас бостандығынан айыруға дейінгі жаза қарастырылғанын еске салады. Егер ол төтенше жағдай кезінде болса, онда 3 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу не сол мерзімге бас бостандығынан айыру түрінде жаза қолданылады.