Әскери ұшқыштар күшейтілген қызмет режиміне көшірілді
Қазақстанда төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі іс-шараларға алғашқы күннен бастап Қарулы күштер, оның ішінде әуе қорғаныс күштері де белсенді түрде қатысуда. Бұл туралы ҚР ҚК Әуе Қорғаныс күштерінің баспасөз қызметі айтты.
«Біздің бөлімнің авиациялық техникасының техникалық және жауынгерлік жағдайы, сондай-ақ экипаждың дайындығы қойылған міндеттерді тәулік бойы және кез келген метеожағдайларда орындауға мүмкіндік береді. Бүгінгі күні біздің авиациялық базада төтенше жағдай кезінде міндеттерді орындау үшін әскери-көліктік және әскери авиацияның дайындалған ұшу құрамдары бар. 24 сағат бойы әскери ұшқыштар бірінші команда бойынша Қазақстан азаматтарының денсаулығын сақтауға бағытталған міндеттерді орындау үшін ұшуларды жүзеге асыруға дайын», – деп атап өтті 53975 әскери бөлімінің командирі полковник Нұрлан Байдулаев.
Төтенше жағдай кезінде өздерінің жауынгерлік дайындығын әскери-көлік авиациясының экипаждары көрсетті. Жақында С-295 ұшақтарында дезинфекциялау, блок бекеттеріндегі кезекшілікті атқару, елді мекендерді патрульдеу бойынша міндеттерді орындау үшін Құрлық әскерлері мен арнайы жүктердің жеке құрамын Луговой және Жетіген гарнизондарынан Орал, Қостанай және Петропавл қалаларына ауыстыру жүзеге асырылды.
Әскери ұшқыштардың барлығы 350-ден астам әскери қызметші мен 10 тоннадан астам жүк тасымалын жүзеге асырды.
Сонымен қатар, әскери-көліктік авиацияның күшімен елге Қарғызстан, Тәжікстан, Сауд Арабиясы мен Кувейттен отандастарымыз, оның ішінде шет мемлекетте ем қабылдап жатқан балалар да эвакуациаланды.
Әскери медиктер мен биологиялық қорғау бөлімшелері авиациялық техниканың, казармалық үй-жайлардың, оқу сыныптарын арнайы ерітінділерімен күнделікті санитариялық және дезинфекциялық өңдеуді жүзеге асырады. Ұшып келгеннен кейін барлық әуе кемелері арнайы дезинфекциялау құралдарымен өңделеді, ал экипаж медициналық тексеруден өтеді.