Инвестиция

Бидай мен күріш нарығын дефицит пен қымбатшылық күтіп тұр

Әлемдік астық қорының көлемі қанша?

Нью-Йорк университеті жанындағы халықаралық әріптестік орталығы бидай мен күріш нарығы биыл құбылмалы болады деп болжап отыр. Сарапшылардың пайымдауынша, бір тонна тай күрішінің биржадағы бағасы 420 доллардан  $560 дейін қымбаттауы мүмкін. Чикайго тауар биржасында бидайдың бағасы 15 пайызға қымбаттап,  бір бушель (шамамен 34-35 л) бағасы 5,72 долларға жеткен. 

Бұл ретте коронавирустың таралуына байланысты жарияланған әлемдік карантин кезінде әр ел өзінше шешім шығарып жатыр. Мәселен, Ресей бидайды сыртқа сатуға квота енгізбекші. Ал күріш нарығына Қытай шешімінің ықпалы үлкен. Бұл ел күрішті көп тұтынатындықтан, стратегиялық азық-түлік қорын құруды қолға алған. Ал әлемдегі ең ірі күріш өндіруші үш елдің бірі – Вьетнам бұл дақылды сыртқа сатуға тиым салды.

Осы ретте «Курсив» қолдағы қор мен биылғы өнім тұрғысына қарағанда, аталмыш нарықтың қаншалықты тұрақты екенін бағамдап көрді. 

Жалпы, IGC мен  FAO-ның бұл мәселеге қатысты болжамы жақсы. 
Халықаралық астық кеңесі мамандарының пікірі бойынша, бидай мен күрішке деген сұраныстың артуы – осы шикізаттардан өндірілетін өнім – крахмал мен этанол өндірісіне кері әсер етеді.  

IGC биыл астық өндірісі 2 пайызға артып, 2 220 млн тоннаға жетеді деп болжап отыр. 
БҰҰ Ауыл шаруашылық ұйымының «Әлемдік азық-түлік нарығындағы ахуал» деген баяндамасына сүйенсек, дүние жүзінде азық-түлік қоры жеткілікті,  ұйымның биылғы жиын-терімге қатысты болжамы да жағымды. 2 сәуір күні жаңартылған баяндама әлемде 277,2 млн тонна бидай қоры бар екенін айтады. Биыл 761,2 млн тонна бидай тұтынып, 763,3 млн тонна өндіріледі деген болжам жасалған. 

Ал күрішке келер болсақ, ақмаржанның әлемдік қоры 182,2 млн тоннаны құраса, адамзат 513 млн тонна тұтынып, 512 млн тонна өндіруі мүмкін. Жалпы алғанда, әлемдік астық нарығы теңдестірілген,FAO болжамына сәйкес, биыл 2 721,5 млн тонна өнім өндіріліп, тұтыну көлемі  2 721,5 млн тоннаны құрайды. Ал астық қоры – 865,7 млн тонна. 

Қазақстан: өндіріс аз, тұтыну көп 

Ұлттық экономика министрлігі статистика комитетінің деректері бойынша, еліміз 2019 жылы 144,2 мың тонна күріш шығарған. Ал тұтыну көлемі 75,8 мың  тоннаны құраған. 1 наурыздағы жағдай бойынша, елімізде жалпы күріш қоры 219,6 мың тоннаны құраған, оның ішінде азық-түлік сорты – 195,4 мың тонна. Ауыл шаруашылығы министрлігі 2020 жылы күріш егісінің көлемі өзгермейтінін, ол биыл 102 мың гектарды құрайтынын хабарлады.

Бидайға келер болса, елдегі бидай қоры 7,1 млн тоннаны құрайды. Соның ішінде азық-түлік бағыттағы бидай көлемі – 5,5 млн тонна. 2019 жылы Қазақстан 3 млн тонна ұн шығарып, оның 1,5 млн тоннасы ішкі нарықта сатылған. 2020 жылы Қазақстан 11,5 млн тоннадан аса бидай жинауы мүмкін. Бұл – АҚШ ауыл шаруашылық министрлігінің болжамы. 5,2 млн тонна бидай мен ұн сыртқы нарыққа сатылуы ықтимал. 

Астық одағы биыл Қазақстан 6 млн тонна астық экспорттайды деп болжап отыр. Бұл ретте салалық одақ құрамындағылар экспорттағы сатылым көлемі жылдан-жылға азайып келе жатқанын мойындайды. Оның басты себебі – отандық өндірушілер жоғары сапалы өнім бере алмай отыр.