42 500 теңге алуға өтінімдерді қарау уақыты ұзартылды
42 500 теңге алуға өтінімдерді қарау уақыты ұзартылды. Бұл туралы Мемлекеттік комиссияның шұғыл штабы хабарлады.
Мәселен, 8 сәуірдегі түнгі сағат 11-дегі жағдай бойынша 3,1 млн хабарламаның 1,3 млн-ы қайталанып түскен.
Барлық өтінім түрлі ақпараттық деректер қорында бірнеше параметрлер бойынша мұқият тексеруден өтеді.
Оның ішінде:
• адамның аты-жөні;
• ЖСН;
• банк шотының нөмірі;
• жұмысына қатысты мағлұматтар және т. б.
Мәліметтерді тексере келе, 42 500 теңгелік төлемге талапқа сай келмейтін азаматтардың да өтінім бергені анықталды:
1. жұмыс істейтін;
2. дұрыс емес банк шоттары немесе бөгде біреудің жарамсыз банк шоттарын беру;
3. марқұм болып кеткен адамдардың атынан түскен өтінімдер;
4. шетелде тұратын тұлғалардың атынан берілген өтінімдер;
5. әлеуметтік сақтандыру жүйесіне ешқашан қатыспаған, оған қаражат аудармаған азаматтар да бар.
Осыған ұқсас деректердің 405 мыңнан астамы айқындалды.
Бастапқыда бұл өтінімдерді қарап, деректерді тексеру мерзімі 7 жұмыс күні деп белгіленген еді. Төлемдерді тезірек жүргізу үшін, өтінімдерді қарау мерзімі 3 жұмыс күніне дейін қысқартылды.
Азаматтардан 3 жұмыс күнінен соң төлемді тағайындау туралы хабарлама алмаса, алаңдамауды сұраймыз. Әр өтініш бойынша ақпарат тексерілгеннен кейін міндетті түрде өтінім жолдаушыға қабылданған шешім туралы хабарланады.