Атты сақшылар саяжайларды патрульдеуге көшті
Петропавлда атты сақшылар саяжайларды патрульдеуге көшті, – деп хабарлайды Polisia.kz сайты.
Аталмыш қаланың Заречное және Новопавловка кенттерінде саяжай қоғамдастықтарындағы тәртіпті қадағалауға салт атты полицейлер шықты.
«Біз төтенше жағдай режимінің ережелерін саяжай қоғамдастықтарының төрағаларына түсіндіреміз», – дейді қалалық Полиция басқармасының ЖПҚБ құрамындағы кавалерия взводының командирі Жақсылық Қожелдақов.
«Азаматтар денсаулықтарын сақтап, өздерін оқшаулауы тиіс. Пандемия өршіп тұрғандықтан бір жерде үш адамнан артық жиналмау, екі метрдей арақашықтықты сақтау қажет екенін еске саламыз. СҚО Бас санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес, үйден тек жұмысқа, жақын маңдағы дүкен мен дәріханаға шығуға, сондай-ақ қоқыс шығаруға болады. Саяжайлар бұл тізімге кірмейді. Сондықтан басыңызды қатерге тігіп, тәуекелге барудың қажеті жоқ».