Коронавирус пандемиясының әлемге ауа жайылуы көптеген елдің экономикасын тұралатып тастады. Бірқатар автоконцерндер жұмысын тоқтатты. Еңбек нарығында маркетолог, бухгалтер, аспаз, PR маманы, даяшы, ивент-менеджер, фитнес-бапкерлерге деген сұраныс күрт төмендеген. Есесіне онлайн жеткізіп беру компаниясының қызметін тұтынатындар саны лезде артып шыға келді.
Осы орайда аталған компания өкілдерімен сөйлесіп, карантин кезіндегі олардың жұмыс барысымен таныстық. Онлайн жеткізіп беру қызметі өкілдерінің айтуынша, халық негізінен азық-түлікті тапсырыспен алдыруға көшкен. Киімді де онлайн алатындар саны біршама. Сондықтан мұндай компаниялардың жұмысы жүріп тұр. Олар төтенше жағдайға байланысты бірде бір жұмысшысын қысқартпаған, керісінше, қызметкерлер штатын арттыруға мәжбүр болыпты.
Mulmarket.club онлайн жеткізу компаниясының бас директоры Тамерлан Нұғымановтың сөзінше, қалада карантин жағдайының енгізілуі онлайн қызметтерге деген сұранысты арттырған.
«Карантин кезінде онлайн-тапсырыстар саны 5-8 есеге көбейді. Бұл әрине, компанияға түсетін табысты да өсіреді. Адамдар көбіне азық-түлікке жиі тапсырыс беруде. Соның ішінде, қарақұмық жармасы, сүт өнімдері, май, тұз, жеміс-жидек, көкөніс, дәретхана қағазы, сулы сүлгілер және таза су ерекше сұранысқа ие болып тұр. Дәл қазір компанияға түсіп жатқан табысты салыстыра айту қиын. Өйткені ай енді ғана басталды. Десе де наурыз айының соңғы аптасын тапсырыстардың шыңына жеткен кезі деп бағалаймын. Өсім бар. Табыстың орташа чегі өткен аптаның соңына дейін ерекше өсімде болды. Бірақ осы аптадан бастап құлдырады. Алдымызды болжау қиын. Карантинге байланысты көп адам жұмыссыз қалды. Сондықтан біздің компанияда курьер болып істегісі келетін үміткерлер саны көп. Бірақ бізде әзірге жұмысшы тапшылығы сезіліп жатқан жоқ. Бірақ жоспар бойынша қызметкерлерді іріктеп, жұмысқа алып отырамыз» дейді ол.
Carefood компаниясы онлайн қызметінің басталуы елімізде карантин режимінің енгізілуімен тұспа-тұс келген.
«Біз 19 наурызда жұмыс бастадық. Әрине, тапсырыс соншалықты көп деп айта алмаймын. Бірақ қазір адамдардың барлығы үйде отырғандықтан бәрібір тапсырыс болады. 27 наурыз бен 5 сәуір аралығында нарықта өте қатты ажиотаж орнады. Адамдар ерекше жылдамдықпен тапсырыс берді. Сол кезде олардың тапсырысын орындау, уақытылы үлгеру бізге қиын тиді. Бірақ біз оның бәрін еңсердік. Статистика бойынша, күнделікті кем дегенде 50-60 тапсырыс түседі. Азаматтар күн сайын қолданатын ұн, жарма, сүт өнімдері, ет сияқты азық-түлік өнімдерге және тұрмыстық химия тауарларына деген сұраныс көлемі жоғары. Төтенше жағдайға байланысты компания қызметкерлерінің саны 2 есеге көбейді. Олар – курьер, оператор және жұмысшылар. Бұрын 1 оператор болса, қазір олардың саны 5-ке жетті. Курьер саны бесеу болса, қазір 10 адам жұмыс істейді. Себебі, тапсырыстарды жеткізіп үлгере алмай жатырмыз. Жұмысшыларымыз тауарды, өнімді жеткізу кезінде карантин талаптарын толықтай сақтайды. Маска, қолғап, арнайы киіммен қамтамасыз етілген. Бәрі стандарт бойынша жүріп жатыр. Әрине, карантин біткен кезде тапсырыс дәл қазіргідей болмайтын шығар. Алайда осы жағдайдың арқасында адамдар қажет затын онлайн алдыруға, онлайн төлем жасауға үйреніп жатыр. Яғни, соған байланысты онлайн тұтынушылық қалыптаса түседі деген ойдамын. Әлбетте, қазір тапсырыс беріп жатқан клиенттер карантин біткеннен кейін де 100 пайыз бізге тапсырыс береді деп айта алмаймын. Бірақ 60 пайызының біздің клиентіміз болып қаларына сенімдімін» дейді компания өкілі Ақмарал.
Тапсырыс саны бірден 10 есеге артып кетті. Бұл цифр тамақ өнімдерін жеткізіп берумен айналысатын «Домосед» интернет дүкеніне тікелей қатысты.
«Карантиннің алғашқы күндерінде біздің интернет дүкенімізге келіп түскен тапсырыс мөлшері 10 есеге, пайызбен алғанда 1000 пайызға бір-ақ секірді. Ал бір апта бұрын карантин режимін күшейтіп, қала бойынша қосымша шектеулер енгізген кезде де тапсырыстар көлемі құлаған жоқ. Қайта одан әрі көбейе түсті. Қазіргі жұмыс режимімізді карантинге дейінгі кезбен салыстыруға мүлде келмейді. Әрине, бастапқы ажиотаж кішкене басылды. Бірақ халықтың сұранысы төмендеген жоқ. Бұл біздің жұмысымызды қиындатты. График өте тығыз. Штаб жаңа көлік тіркеуге рұқсат бермей жатыр. Сондықтан қолда бар өз көліктерімізді пайдаланудамыз. Өтініш жаздық. Әзірге жауап жоқ. Көлігі бар адамдарды жалдап едік, полиция олардың қозғалысын шектеп тастады. Өзіміздің бес бірдей машинамызбен тапсырыс тасып жүрміз.
Тұрғындар негізінен азық-түлік өнімдерін алдырып жатыр: нан, жұмыртқа, ұн деген сияқты. Содан соң түрлі химиялық ұнтақ, сабын, шампунь, дәретхана қағазына да сұраныс өте жоғары. Түсіп жатқан табысты есептеу қиын. Шамамен 3 есеге артқан шығар.
Қазір біз үшін табыс табу бірінші орында емес. Осындай қиын кезеңде адамдарға көмектесудің өзі ғанибет. Кеше тапсырыс түсіп, балалар ауруханасындағы оншақты дәрігерге азық-түлік апарып бердік. Олар екі аптадан бері сонда карантинде жатыр екен. Дәрігерлер күні бойы скафандрмен жүреді. Жуынып-шайынып, тазалану керек. Сол себепті, химиялық тауарларды да молынан апардық. Ең бастысы қазіргі қиын кезең аяқталып, адамдар қалыпты өмірге оралса екен. Өзі онсыз да қаржыдан тарығып отырған адамнан қалай ақша аласың. Сондықтан кей кезде шынайы тегін көмегімізді де береміз» дейді интернет дүкен басшысы Игорь Пуликов.
Отандық хабарлама беру ресурстарында онлайн қызметтер бойынша вакансия жиі жарияланып жатыр. Көбі онлайн жеткізіп беру бойынша – көлік жүргізушісі, курьер болатын азаматтар іздеуде. Мәселен, kz.jooble.org сайтында жұмыс берушілер жеке көлігімен курьер болғысы келетін үміткерлерді көп іздеген. Оларға ұсынылатын жалақы мөлшері 130 мыңнан басталып, 220 мыңмен шектеледі. Ал olx.kz сайтындағы тамақ жеткізу ісін басқарушыларға ұсынылған жалақы жоғарылау: 300-380 мың аралығында.