Бірыңғай карта әлеуметтік және көлік карталарын алмастырады, сондай-ақ тауарларды жеңілдікпен сатып алуға мүмкіндік береді. Бұл туралы enbek.kz сайты жазады.
2020 жылдың соңына дейін «Қазақстан азаматының әлеуметтік ID» жобасы аясында қазақстандықтарға тегін әмбебап әлеуметтік карталар беріледі. Бірінші кезекте карталармен зейнеткерлерді және мемлекеттен әлеуметтік көмек алушыларды қамтамасыз етіледі.
«Әртүрлі нұсқалар қарастырылды, соның ішінде NFС технологиясы бар QR-кодтар мен смартфондарды пайдалану. Алайда, мұндай шешімдер белгілі бір қиындықтарға байланысты қабылданбады. Біріншіден, көптеген зейнет жасындағы азаматтар смарт-құрылғыларды толық қолдана алмайды. Екіншіден, барлық өңірлердің тұрғындары интернетпен қамтылмаған. Сондықтан ID картаны – онлайн және офлайн пайдалана алу үшін пластикалық карта түрінде шығару туралы шешім қабылданды. Барлық азаматтар оны қалай пайдалану керектігін біледі», – деді «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ мүгедектікті белгілеу және әлеуметтік қызметтерді көрсету бойынша АЖ дамыту және сүйемелдеу департаменті директорының орынбасары Әлішер Елубаев.
Әмбебап картада бірқатар мемлекеттік қызметтер біріктіріледі: зейнетақы мен жәрдемақы алу, қоғамдық көлікте жол жүру ақысын төлеу, сауда, медициналық және басқа да желілердегі тауарлар мен қызметтер үшін есеп айырысуға болады. Әлеуметтік карта бойынша жол жүруге 50% жеңілдік, шипажайда демалуға 100% өтемақы алуға болады.
Бұл ретте картаға «мақсатты бақылау» деп аталатын жүйе енгізіледі. Бұл мемлекеттің заттай жеңілдіктердің орнына ақшалай берілетін қаражатты (мысалы, балалар тағамы, қалалық көлікте жүру) басқа мақсаттарға жұмсауға мүмкін болмайды.
Әмбебап картаны енгізу ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ жүзеге асыратын «Қазақстан азаматының әлеуметтік ID» жобасы аясында жүргізіледі. Жоба Ақтөбе қаласында сәтті сынақтан өтті, енді оны еліміздің барлық өңірлерінде енгізу басталды.
ID картаны барлық қазақстандықтар ала алады. Бірінші кезекте оларды зейнеткерлерге, мемлекеттік жәрдемақылардың барлық түрлерін алушыларға, сондай-ақ оқушыларға беретін болады. Әмбебап әлеуметтік карталар тегін беріледі. Карта берумен «Қазпошта»АҚ айналысатын болады.
Бұл ретте бірнеше жыл бойы «Қазпочта» АҚ бөлімшелерінің кассаларында жәрдемақы мен зейнетақы алудың баламалы тәсілі сақталатын болады. Үкімет шешіміне сәйкес әмбебап картаға толық көшу 2023 жылға қарай аяқталуы тиіс.