Пандемиядан кейін әлем қалай өзгереді?

Жарияланды
Экономистер мен философтардың болашаққа қатысты болжамы

Kursiv.kz редакциясы «Медузаның» пандемиядан кейін өмірдің қалай өзгеретініне қатысты жасалған басты болжамдары туралы материалын аударып, оқырман назарына ұсынып отыр. 

Коронавирус бүкіл әлемді шарпып, шырқау шегіне жете қоймаса да, экономистер, саясаттанушылар мен философтар індетті жеңгеннен кейін өмір қалай өзгеретініне қатысты ойын білдіріп жатыр. Жаңа әлем қандай болады? Көпшілігі экономика, бизнес, халықаралық қатынастар, ішкі саясат, әлеуметтік сала мен медицинада үлкен өзгеріс орнап, адамның да ойы, тәртібі басқаша болады деген пікірде. Бірақ дәл қазіргі беймәлім сәтте бір-біріне керағар болжам жасалып отыр. Кейбірі әлем тек жақсы жаққа өзгереді деп санаса, ендігі бірі бәрінің қалыпқа келуі қиындап, саяси әлемнің астаң-кестеңі шығады дейді. 

Екі түрлі сценарий

Пандемияның нағыз өршіп тұрған сәтінде қандай да бір болжам жасау оңай емес. Соңғы он жылдықтарда бір-бірімен тығыз байланысқан әлемдік экономика мен қоғам құрған адамзат дәл мұндай дағдарыспен бетпе-бет келмеген еді. Әрі бұл белгісіздіктің туындауына басты себеп – вирус жайлы жетік білмеу. Яғни оның қаншалықты жұқпалы екенін бағамдай алмау, оның қалай тарайтынын және қанша адамның өмірін жұлып әкететінін білмегеннен туындап отыр. Бүгінде сарапшылар пандемияға байланысты түрлі болжам жасап жатқаны белгілі. Оның шындыққа жанасатыны бар, негізсізі бар – бәрі әлеуметтік желі арқылы әлемнің ана шетінен мына шетіне жылдам тарап жатыр. Бұл болса, ахуалды одан ары шиеленістіріп, ел ішінде дүрбелең туғызады.

Осыдан шығып әр елдің көшбасшылары белгілі бір болжамға сүйене отырып, қандай да бір шешім қабылдауға мәжбүр. Бұдан тағы бір белгісіздік туындайды. Қандай десеңіз, осы атқарылып жатқан іс-шаралардың қаншалықты көмектесері беймәлім. Тіпті одан сайын ушықтыруы да мүмкін. Мұны да ешкім дөп басып айта алмайды. Бір қызығы, болашақтағы ахуалға болжам жасауға келгенде алдағы бір-екі айда емес, бірнеше жылдан кейін не болатынын айтқан оңайырақ. Өйткені қалай болған күннің өзінде әлем экономикасы әйтеуір бір оңалары анық. Анығы сол, оның қаншалықты оңай әрі тез қалыпқа келуі бүгінде вируспен күресуге жұмсалған күшке байланысты. McKinsey  консалтинг компаниясының сарапшылары «коронавирустан кейінгі әлем» тақырыбына арнап бірнеше зерттеу жасап, ол жерлерде екі нұсқада болжам жасаған.    

1.    Бәрі жақсы болады. Яғни бір не екі тоқсанға жалғасқан құлдырау бірден күш алып, қалпына келеді деседі.
2.    Оңалу оңай емес. Бұлай дейтіндер эпидемия әлемдік экономиканы бір не бірнеше тоқсанға тоқтатып, болмаса карантин шаралары әр елдерде азайтылғаннан кейін тағы бір толқыны дүр сілкіндіруі мүмкін деген пікірде. Қазіргі кризис неден пайда болды? Оған ұсыныс пен сұраныстан туған шок әсер етті. Ал енді мына екінші болжам дұрыс болып шықса, толыққанды қаржы дағдарысына ұласады. Оның салдары – жаппай банкротқа ұшырау, жұмыссыздық, елдің әл-ауқаты төмендеп, активтері жойылады. Бұл болса, әлем экономикасының құрылымын тас-талқан етуі мүмкін. Енді осы екі болжамды тарқатсақ.   

Оптимистік болжам

McKinsey сарапшылары эпидемияның жедел ауыздықтаудың жолы мынадай деседі: коронавирусты әлемнің бірқатар елінде 2-3 ай қатаң карантин жариялау арқылы жеңуге болады. Яғни 2020 жылдың екінші тоқсаны аяқталғанға дейін. Бұл жағдайда Қытай бірінші және екінші тоқсанда ЖІӨ-нің 3,3 пайызын жоғалтады. Бірақ күзге салым 2019 жылдың соңындағы өндіріс көлемін қайта қалыпқа келтіріп алады. Жалпы алғанда өсім бір жылда болар-болмас, бір пайыздай ғана төмендейді. АҚШ-тың ахуалы сәл ауырлау – екінші тоқсан нәтижесінде ЖІӨ 8 пайызға азаяды. Өйткені эпидемия біраз жерге тарады, экономикасы да тұтынушылық сұранысқа бағытталған. Мұндай жағдай Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғаннан кейін ел экономикасы демилитаризациялады. Соның әсерінен өндіріс қатты құлдырады. Пандемиядан кейін де сондай болуы мүмкін. Барынша қалыпқа келуге тырысып бағады. 2019 жылғы өндіріс көлеміне 2020-ның соңына қарай орнына келеді. Бірақ АҚШ-тың бір жыл ішіндегі экономика өсімі нөлге тең болады. Ең жақсы деген сценарийдің өзінде Еуроодақ қатты зардап шегетін сыңайлы. Екінші тоқсанда экономика 10 пайызын жоғалтып, дағдарысқа дейінгі қалпына 2021 жылдың басында ғана келеді. Бір жылда экономикасы 4 пайыз төмендейді. Бұл – сонау 2009 жылғы дағдарыстан бергі ең нашар көрсеткіш.

Жалпы алғанда әлем экономикасы екінші тоқсан нәтижесінде шамамен 5 пайызға төмендеп, жыл соңына қарай қалыпқа келеді. Бір жылда өсім қарқыны 1,4 пайызға баяулайды. Оның оңалуы қазіргі эпидемияның үзіп тастаған халықаралық өндірістік байланыстарының қаншалықты қайта жалғануына қарай жүзеге асады. Карантиннің шарттары қатаңдатылып, көбірек шектеу қойылған елдер мен аумақтарда қалыпқа келу процесі тезірек жүретін болса керек. Ал енді экономикасын сақтап қалу үшін эпидемияны жаншудан бас тартқандардың тез оңалуы оңай болмас. Өйткені ол жерде жапа шеккендер көбірек. АҚШ Федералды резервтік жүйесінің сарапшылары осындай байламға келіп отыр. Олар 1918 жылы болған «испан» эпидемиясынан кейін елдегі штат пен қалаларды қалыпқа қалай келгенін зерттеген еді.       

Пессимистік болжам

Пандемияға байланысты ауыр сценарий аз айтылып жатқан жоқ. Тіпті қазіргі жағдайға қарасақ, солар шындыққа айналатын сияқты болып көрініп жатыр. Ішіндегі ең қасіреттісі – эпидемиямен күрестің еш тәсілі көмектеспей, билік кәсіпорындар мен банктерге қол ұшын бере алмай қалады дегені. Олардың біразы күйреп, оның соңы қарызға белшеден батуға, өтімділіктің жеткіліксіз болуына әкеп соғады. Банктер мен компаниялар қираса, әлемдік қаржы жүйесі мен өндірісті өзімен қоса күйретеді. Дағдарыс болса, бірнеше жылға созылады. 

Бұдан сәл жағымды болжамға сүйенсек, індеттің екінші толқыны жағдайды қиындатып, қалыпқа келу мерзімі ұзарады деседі. Эпидемияны ұстап тұру қолдан келмейді, бірақ Жер шарының көп бөлігі ауырып шыққан соң, әлемдік экономиканы қолдау шараларының іске асқаны белгілі бола бастайды. Яғни оның құрылымы толықтай құрымағанын білген соң қалыпқа келу де оңайлай түседі. 

Эпидемияның екінші толқыны экономиканы тұралатып, адамдардың күнделікті өмір салтын қиындатады деген сценарийді McKinsey жақсылап қарастырып шыққан.  
•    Қытай бәрін басып озады. Бірақ бір жыл ішінде былтырғы өсім қарқының жартысын жоғалтады. Соның өзінде қалыпқа келетін кезі – 2021 жылдың ортасы. 
•    АҚШ – ЖІӨ-нің 8 пайыздан артығын, Еуроодақ шамамен 10 пайызға жуығын жоғалтады. Бұрынғы қалпына 2023 жылға қарай бір келеді.
•    Жалпы әлем болса, орта есеппен бір жыл ертерек қалыпқа келуі мүмкін. Оның өзінде Қытайдың шараларының арқасында. Соңғы он жылдықтарда адам өмірінің түрлі салаларының жоғалғанын көрген, дамушы елдер жаңа кризиспен жақсы күресе алады. Ал Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін мұндай жағдайды бастан өткермеген Батыс елдерінің тұрғындарына бұл бір шок іспеттес болады. Мұның соңы әлемнің де, адамдардың да өзгеруіне әкеп тірелуі мүмкін. Қай елдің қай нұсқаны іске асырғанына байланысты өмірдің әр саласындағы өзгерістер де әртүрлі болады. 

Әлемнің ертеңі

Ғалымдар мен сарапшылар қандай сөз таласқа түсіп отыр? Жаһандану аяқталуға таяп қалды ма? Жалпы бұл процесс соңғы он жыл ішінде жүріп келеді. Ұзақ уақыт бойы өсіп келген халықаралық инвестиция қазір тоқырап жатыр. Әлем экономикасының басты саласына айналған сауда бүгінде сауда соғысының салдарынан шектеліп отыр. Дағдарыс неден пайда болды? Дамыған елдердің жаһанданудан келіп түскен табысының біршама бөлігі экономиканың жаңа салаларына, қаржы және саудаға қатысы бар шағын топтардың қолына берілді. Бұл жерде зардап шегіп отырған – «дәстүрлі» өнеркәсіптік компаниялардың қызметкерлері. Сөйтіп бұған қатысты өте қатты саяси қарсылық туындап, соның сылтауымен Батыстың біршама елінде билікке оңшыл популистер келді. Деглобализация процесін бастаған да – сол саясаткерлер. Эпидемия мен соның салдарынан туындаған кризис бұл процесті тіпті жеделдете түсуі мүмкін.      

Қытай әлемдік көшбасшы бола ала ма?

Жаһанданудың жемісін көрген бірден-бір ел болса, ол – Қытай. Бірақ ол біраздан бері «бүкіл әлемнің құрастырушы фабрикасынан» толыққанды экономика құруға күш салып келеді. Ол үшін халық пен билік арасындағы қарым-қатынас бұрынғыдан да мықты болуы тиіс. Ал ондай байланыстың бірі – медицина жүйесінде. 2003 жылғы эпидемия кезінде құлдыраудың аз-ақ алдындағы қалған жүйе осы жолы білек сыбана кірісті. Сөйтіп Covid-19-бен жап-жақсы күресті. Вирустың шыққан ошағы Қытай болғандықтан әрі оның бірінші толқынын жеңгендіктен, енді өзге елдің билігі қаласа да, қаламаса да Бейжіңмен теңесуге барын салады. Соның әдісін қолдануға мәжбүр болады.

Әлем елдерінің халқы да, медиасы да өз басшылары мен олардың жасап жатқан тәсілдерін Қытай билігімен еріксіз салыстырады. Бейжің жетістіктерін ел ішінде де, шетелге де насихаттап жатыр. Ондағы басты себеп – салыстырғанда басқа елдің басшыларының таразысы ауыр тартпас үшін. Әйтсе де бірінші «бетпе-бет» келіп, карантин жариялау бойынша көш бастау жеткіліксіз. Бұл жерде бастысы, кімнің коронавирусқа қарсы вакцина не дәрі ойлап табатыны. Қалай десе де, Қытайдың рухани көшбасшы ретінде мойындалуы оңайға түспейді. Әлемнің біраз елінің басшылары мен саясаткерлері Қытайдың эпидемияның туындауына басты себепші деп, кінәлап отыр. Дональд Трамп болса, коронавирустың бір атын «қытай вирусы» дейді. Оның бұл қылығын расизм деп санайтындарға ол «Қытай вирустың жұғу тәсілдерінің ерекшелігін әлемнен жасырды, осылайша пандемияның жариялануына әкеп соқтырды» деп жауап береді.   

Енді адамды үнемі осылай аңдып отыратын бола ма?

Эпидемиямен күрес тәсілі ретінде Қытай аңду технологиясы мен адамдардың кейбірін әлеуметтік оқшауландыруды енгізді. Соның көмегімен бірқатар провинцияларда індет ошағы анықталып, әрі қарай жайылмады деседі.  Жұқтырғандармен байланыста болғандар дереу анықталып, соңында індет тоқтады. Енді толығырақ айтар болсақ, жергілікті әлеуметтік желілерді қолдану арқылы тұрғындарға «түрлі-түсті код» берілген. Яғни жасыл код дегеніміз – азаматтың емін-еркін жүріне болатынын білдірді, сары түс – жұқтырғандармен байланыста болуы мүмкін екенін көрсетіп, көпшілік жүретін жерлер мен қолданатын қызметті ала алмайтынын білдірді. Олар бір аптаға карантинге жатқызылды. Ал енді қызыл коды барлар екі аптаға карантинге жіберіледі. Бірақ сол мерзім аяқталғаннан кейін де қызыл не сары код көбіне жасыл түске ауыспаған деседі. Кодтың түсі нақты қандай критерий бойынша өзгеретіні ақыры айтылмады. Бір білетініміз, «сары» және «қызыл» коды бар миллиондаған қытайлық жүрген.      

Осыған ұқсас жүйе демократиялық елдерде де енгізілді. Оның көш басында Оңтүстік Корея тұр. Бұл ел де банк карталары транзакцияларын бақылау және ұялы телефондардың биллинг тану жүйесін қолданып, алғашқы жұқтырғандардың кіммен байланысқанын тез арада тауып алып отырды. Бір жеке компания Corona 100 m қосымшасын жасап шығарды. Ол ашық деректерді сараптап, науқастарды анықтайды. Ауру жұқтырғандардың тұрған жерін картаға дәл енгізген. Қосымшаны миллионнан астам адам жүктеп алған. Осы шаралар мен технологиялар вирустың жұққан-жұқпағанын анықтайтын тестілеу бағдарламасын одан әрі толықтырды. Міне, соның жемісі деп еш карантинсіз әрі өзге де шектеу шараларынсыз эпидемияны ауыздықтай алғандары болып отыр. Эпидемиологиялық қарсы барлаудың техникалық шараларын қазіргі таңда өзге елдер мен қалалар да жасап шығаруға талпынып жатыр. Мысалы қытай және кәріс жүйесінің кей элементтерін алып, Мәскеу іске асыруды жоспарлап отыр деседі. Енді бұл жерде туындайтын басты сауал: қазір індетке байланысты амалсыз қосқан тиімді құралдарды эпидемия аяқталған соң қолдана ма, жоқ па? Сарапшылар жағдайды қалыпқа қалай келтіруге болатыны туралы ұсыныстарды көптеп жазып жатыр. Яғни адамның жеке мәліметін жария етпейтін және адам құқығына қол салмайтын технологияларды ғана қалдыру керек дейді. Әйтсе де, қолданыстан шығарғысы келмейтін, дәніккен үкімет пен компаниялардың да болуы әбден мүмкін.  

Ғалымдарға қоғам сенім артатын бола ма?

Негізі осы эпидемиямен күрестің нәтижесінде ғалымдар мен дәрігерлерге деген сенім күшейеді деседі. Осы уақыт ішінде жасалған сауалнамаларға қарағанда, індет кезінде азаматтар дос-жаран, тамыр-таныстан гөрі кәсіби мамандарға көбірек сенгісі келеді екен. Әйтсе де, еуропалық экономистер ғылымға толық сенім бар деген күннің өзінде біршама елдің тұрғындары вирус пен эпидемияның сипаттамасында ненің рас, ненің өтірік екенін ақыры түсінбеген. Мысалы наурызда індет Еуропаға жеткен кезде әлеуметтанушылар сауалнама жасаған. Сол кезде респонденттердің жартысы вирустың жұқпалы және одан адамның көз жұмуы мүмкін екеніне радикал көзқарас танытыпты. Бәлкім оған ғылыми және негізсіз ақпараттың көп болғаны әсер еткен болса керек. Себебі эпидемия басталған кезде түрлі ғылыми мақалалар қайта басылып, басылым беттерінде түрлі материалдар толып жүрді. Әлбетте, артынша кейбірінің рас-өтірігі анықталып жатты. Осындай жалған ақпаратқа сенгендер дүрбелең тудырғаны да рас. Айталық дүкен сөрелерінде тұрған барлық дәретхана қағазын сатып алғандар бар, одан қалса биржадағы акцияларын сатқандар да бар. Осындай қадамдар дағдарыстың күш алуына әсер еткені хақ. Сол себепті біраз ел фейк ақпараттармен күреске күш салды. Бірақ осы ретте тағы бір қауіптің төбесі көрінді. Билік өзіне жақпайтын ғылыми мәліметтерді терістей салуы мүмкін. Мәселен Уханьда індеттің таралуына қатысты ақпаратты жариялаған дәрігерлермен күресемін деп Қытай билігі вирустың адамнан адамға жұғатынын дер кезінде ұға алмады. Сөйтіп індетті таратып алды деген пікір бар. Бірақ сенімнің басты мәселесі әлі де алда болуы мүмкін. Өйткені бәрі де билік пен ғалымдардың эпидемиямен қаншалықты тез күресіп, жеңуіне байланысты. Сенімнің орнайтыны, не селкеу түсері енді белгілі болады.  

Онлайн-бизнестің дәстүрлі индустрияны ығыстыруға дәрмені жете ме?

Былай қарасаңыз, соңғы уақытта сұмдық дамып келе жатқан онлайн-сервистердің айы оңынан туған сияқты. Себебі олардың басты бәсекелестері бүгінде амалсыздан бизесін тоқтатуға не қысқартуға мәжбүр болып отыр. Ендеше, жалпақ жұртқа өзіңді көрсететін кез осы емес пе? Бірақ оп-оңай ештеңе жоқ. Онлайн-сауда мен үйге дейін жеткізу қызметінен бастап, онлайн-оқыту, телемедицина мен үкіметтік ұйымдар қызметі сынды жаңа сервистер бірнеше есе өскен сұранысқа байланысты қатал іріктеуден өтеді. Мұны еңсеру екінің бірінің қолынан келмейді. Тапсырыстың көптігі сонша, біраз онлайн-компаниялар «құлап» қалды. Карантин біткеннен кейін саланың қандай көрініс табарын дәл болжау қиын. Өйткені оффлайн-бәсекелестер нарыққа қайта келеді. Бәлкім, дәстүрлі бизнес үшін қайта өрлеу дәуірі басталуы мүмкін.   

Адам өмірінің құнына қатысты түсінік өзгере ме?

McKinsey сарапшыларының айтуынша, егер эпидемия ұзақ уақытқа жалғасса не екінші толқыны келетін болса, бұрын-соңды ойлап көрмеген жаңа тәртіптер енгізілуі мүмкін. Айталық, ұшаққа тіркеу алдында инфекцияның жоқ екенін айғақтайтын немесе оған қарсы екпе жасалғаны жайлы анықтама беру міндеттелуі мүмкін дегендей. Мәселен Қытайда ірі жоғары технологиялық кәсіпорындарда анықтамасыз жұмыс істеуге тыйым салынған. Әлбетте, қазіргі ахуалды ескеріп, тұрғындар мұндай амалдарға түсіністікпен қарайтын болуы керек. Егер карантин ұзарып, экономика құрылымына сызат түсе бастаса, оның соңы ауыр этикалық дилеммаға әкеп соғуы мүмкін. Бүгінгі таңда адам өмірі басты құндылық саналады. Экономистер тіпті бұл құндылықты санап бере аламыз деп отыр. Әр елдің азаматтарының құны жасына қарай әр түрлі. Десек те, жастарға қарағанда «арзанға бағаланатын» қарт кісілердің өзі тым қымбат тұрады. Бірақ бұл рухани және экономикалық тезистерге күмәнмен қарайтындар көбейді. Егер алдағы уақытта індет ауыздықталмаса, жұмыссыз қалып, күнкөрісі қиындағандар саясаткерлерге қысымды күшейтеді.   

 

Сондай-ақ оқыңыз