Алматыда 13 мыңнан астам адам COVID-19 инфекциясына тексерілді

Жарияланды
 Тест сынақтары жүйелі  өтті

Алматыда коронавирусты анықтайтын тесті 13 мыңнан астам адам тапсырды.

Бұл туралы Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз орталығында өткен онлайн брифингте қалалық Тауарлар мен қызметтер сапасын және қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Айзат Молдағасымова мәлімдеді.

 «Соңғы бір тәуліктің ішінде індетті жұқтырудың жаңа екі жағдайы анықталды. Екеуі де науқас адамдармен байланыста болып жұқтырған. Жалпы стационарлық карантинде 877 науқас, үй карантинінде 5217 адам оқшауланды. Жұқпалы аурулар ауруханасында —211, провизорларда – 301 және карантиндік госпитальдарда – 388», — деді спикер . 

Қауіпті індетті жұқтырған 121 науқастың ішінде 65%-ы індетті жұқтырған адаммен байланыста болғандар. Ал 5%-ы жергілікті, 30%-ы індетті сырттан әкелгендер екен.

Қосымша 813 адам ПЦР әдісі бойынша тестілеуден өтті. Жалпы бүгінгі күнге дейін Алматыда 13 мыңнан астам адам COVID-19 індетіне тексерілді.

 «ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Алматы қаласы үшін қосымша 55-тен астам жаңа тест жіберді. Бұл ПЦР диагностикадан өтуге тиіс науқастарға қажет», — деді А. Молдағасымова.

 «Бұдан өзге Ұлттық гвардияның, Қорғаныс министрлігінің қызметкерлері, полицейлер, әскери қызметшілер мен блок-бекеттегі мемлекеттік органдардың қызметкерлері де тексерілмек. Сондай-ақ санэпидемилогиялық қызметтің 179 қызметкері – дәрігерлер, медбикелер де коронавирустық инфекцияға тексеруден өтті», — деді А. Молдағасымова.

 

Сондай-ақ оқыңыз