«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының мәліметі бойынша, қазақстандықтар шетелдік турларға депозит пен алдын-ала төлем ретінде 4,6 млрд төлеп қойған Коронавирус пандемиясына байланысты бұл турлардың жүзеге асуы екіталай болып тұр.
Төленген қаржы қайда?
Өз клиенттерінің шетелге саяхатын ұйымдастыру үшін, туристік агенттіктер арада делдал бола отырып, серіктестері: туроператор, авиакомпаниялар, қонақүйлерді тартады. Сондықтан тур үшін клиенттен алған ақшаны бірден контрагенттеріне аударады. Сонымен қатар, «Атамекеннің» мәліметтері бойынша, авиакомпанияларға төленген салымдар сомасы – 1,9 млрд теңгені, қонақүйлерге аударылған ақша 2,7 млрд теңгені құраған. Әр серіктестің өз ережесі мен жұмыс стилі, ақша қайтару шарттары бар. Эпидемияға байланысты олардың көпшілігінің қызметі тоқтап тұрғандықтан, дәл қазір ақшаны қайтарып бере алмайды.
Одан бөлек, турфирмалар турөнімді іздеу және іріктеу, броньдау және төлеу турын ұйымдастыру бойынша атқарылатын жұмыстың бір бөлігін орындап қойған және өзінің нақты шығынын жабуға құқылы. Сондай-ақ, банк аударымдары, воюта бағамындағы айырма және басқа да орны толмайтын шығын үшін ұсталатын комиссия бар. Сондықтан бұрын броньдалған тур күшін жойған күннің өзінде, клиент бірден бар ақшасын қайтарып ала алмайды.
«Егер клиент алдын-ала төленген саяхаттан бас тартып, келісім-шартты бұзғысы келсе, заң бойынша турагент сапарды ұйымдастыруға кеткен шығынды ұстап қалуға құқығы бар. Ақшаны толық қайтарып алғысы келген күннің өзінде, бұндай мүмкіндік жоқ», – деп пікір білдірді Қазақстан туристік қауымдастығының директоры Рашида Шайкенова.
Ал төленген қаржының бір бөлігін қайтаруға келетін болсақ, ол нақты шығындарды есептеп, оны шетелдік серіктестерден қайтарып алған соң ғана жүзеге асуы мүмкін. Бұл ретте есеп айырысу төлеу күні қолданылған бағам бойынша жүзеге асырылады.
«Қазіргі кезде нарықтың ақшаны қайтаратындай мүмкіндігі жоқ. Агент –туроператор мен тұтынушының арасындағы делдал ғана. Сондықтан турагент қаржыны бірден турорператорға аударса, ол шетелдік контрагентке жібереді. Бұл өте ұзақ процесс. Қаржыны да осы жолмен қайтарамыз», – дейді Шайкенова.
Туркомпаниялардың табысы қанша?
«Атамекен» ҰКП дерегі бойынша, Қазақстанда 60-қа жуық туроператор, 2 мың турагент, 3,6 мың қонақ үй және басқа да демалыс орындары жұмыс істейді. Туристік салада 80 мыңнан астам адам қызмет етсе, соның 90% – ы әйелдер. Туристік қызмет көрсету саласында орташа жалақы 100 мың теңгені, орналастыру қызмет саласында – 124 мың теңге, санаторлық-курорттық қызметте 90 мың теңгені құрайды.
Қазақстанда туроператорлар мен турагенттердің қызметі – табысы тө мен салалардың бірі. Олардың кірісі тек әуе және теміржол билеттерін рәсімдеу үшін алатын комиссия немесе сервистік қызмет ақысынан тұрады. Туристік агенттік комиссиясы тур бағасының 5-7%-ын құрауы мүмкін, ал әуе билеттеріне қызмет көрсету ақысы нақты белгіленген: 500 теңгеден бірнеше мың теңгеге дейін ғана. Клиент саяхат үшін төлейтін қаржысының қалған бөлігі – әуебилет пен турдың құны,әуекомпания, қонақ үй мен шетелдік туроператорлардың ақшасы.
Қазір бүкіл туристік фирмалардың қызметі тоқтап тұр, ал қызметкерлері ақысыз демалысқа жіберілген. Пандемияның жағымсыз әсерін бірінші болып сезінген де туризм саласы.
«Туристік нарық өте сергек барометр – тұтынушы сұранысымен жұмыс істейді, ал ол өз кезегінде кез-келген өзгеріске жылдам жауап қатады»,– дейді Шайкенова. Маманның айтуынша, туризмнің дамуы бұрын-соңды бұндай соққы көрмеген.
Салған қаржыны қалай қайтарып алуға болады?
Шығынды азайту үшін жоспарланған демалыстан мүлдем бас тартпай, уақытын кейінге шегеруге болады. Қазіргі жағдайдағы ең дұрыс шешім – осы. Ол бір жағы демалып келуге мүмкіндік берсе, екінші жағынан ақшадан да ұтылмауға мүмкіндік береді. Өйткені турфирманың осы күнге дейін атқарған жұмысы күйіп кетпейді, тек демалыстың уақыты ауыстырылып, тур ескі курс бойынша қайта броньдалады.
«Ешкім бұл жағдайда өз тұтынушыларының сеніміне селкеу түсіріп, ақша қарпып қалудың жолын қарастырмайды. Біздің бүкіл әріптестеріміз турларды айыппұлсыз қайта броньдауға дайын. Сонымен қатар, шетелдік әрітестердің ешқайсысы турдың бағасын жаңа курс бойынша қайта санау туралы талап қойып отырған жоқ. Теңге құнсызданып, валюта бағамы өсіп кетті. Алайда бұған дейін ақша төлеп қойған кісілер бұрынғы курс бойынша демалып келе алады», – деп сендірді Шайкенова. Осы орайда маман демалысты 2020 жылдың екінші жартысына жоспарлауға кеңес береді.
Туристер саяхат уақытынан бөлек, турдың бағыты мен бірге баратын туристерді де өзгерте алады. Бұл енді жаңа тур болып саналады, оған қосымша ақша төлеуге тура келеді.
Турға өзгеріс енгізуге де уақыт қажет, турагенттік оны бір күннің ішінде бекітіп бермейді, серіктестерімен келісуі тиіс.
Көптеген турфирмалар ақшаны қайтарып беру мен бағытты өзгерту тек төтенше жағдай мен карантиннің уақыты біткен соң ғана қолға алынады дейді. Ал адал турфирмалар клиенттерінің сенімінен айырылғысы келмейді, бірқатар турфирмалар мен туроператорлар табысы жоқ және кәсіптің тұралап тұрғанына қарамастан, кезекшілікке көшкен. Бұл ретте қаржыны қайтару механизмі дұрыс және жылдам жұмыс істеп кетуі үшін тұтынушылар түсіністік танытып, қолдау көрсетуі қажет.
«Сіздердің қолдауларыныңсыз туристік сала қиындықты еңсере алмай қалуы мүмкін. Шыны керек, жағдайдың бұлай қалыстасқанына туристік фирмалардың титтей де кінәсі жоқ. Бизнеске, әсіресе шағын кәсіпкерлерге қиын тиіп жатыр. Бәріміз бірден «ақшамызды қайтар» деп талап етер болсақ, бұл кәсіпкер банкрот болуы мүмкін. Осы кезде төзім танытып, карантиннен шығатын кезді күте тұрған жөн. Сонда туристердің ақшасын қайтарып алу немесе өз демалысының уақытын өзгерту мүмкіндігі туады», – деп пайымдайды Рашида Шайкенова.