Жаңалықтар

13 сәуірден бастап коронавирусты анықтайтын тегін экспресс-тесттен өтуге болады

Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында жүргізіледі

13 сәуірден бастап коронавирусты анықтайтын тегін экспресс-тестілеуден Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында өтуге болады. Бұл туралы Мемлекеттік комиссияның шұғыл штабы хабарлады.

1. Тест тапсыру үшін пациент www.cdl.kz сайтында сауалнама толтыруы керек;

2. Денсаулық сақтау министрлігінің эпидемиологтары адамдардың эпидемиологиялық көрсеткіштері негізінде іріктейді;

3. Бекітілген тізімдер «Олимп» КДЗ-ға жіберіледі;

4. Бекітілген тізімдегі пациентке байланыс орталығының операторы хабарласып, қай жерге, қай уақытта келуі керектігін айтып, келушілерге қойылатын талаптар мен анализ тапсыру ережелерін түсіндіреді;

5. Оператор нұсқаған процедуралық кабинетке маска киіп, жеке куәлікті алып, кешікпей келу керек;

6. Кезекте тұрған адамдар бір-бірінен 1,5-2 метр қашықтықта болуы тиіс;

7. Процедуралық кабинетте тіркеледі, кейін коронавирусқа экспресс-тест алынады;

8. Анализ қорытындысы сауалнамада көрсетілген поштаға жолданады;

Пациенттің температурасы байланыссыз өлшеу құралымен жүргізіледі. Дене қызуы көтеріліп тұрған адамнан анализ алынбайды.

Оператордың қоңырауынсыз, өздігімен процедуралық кабинетке келуге болмайды.

Экспресс-тестілеу арнайы процедуралық кабинеттерде өткізіледі, ол жерде басқа анализдер алынбайды.

Бұл шаралар келушілердің де, қызметкерлердің де денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қабылданған.