2019 жылдан бері қазақстандық нарықта бірнеше онлайн жеткізу компаниялары пайда болды. Интернеттің, жаңа технологиялардың дамуы адамдардың онлайн қызметті тұтыну ауқымын кеңейтті. Мұны тиімді пайдаланып, көпшілік сеніміне кіруге талпынып жатқан компанияның бірі – Glovo. Карантин кезінде халық тарапынан онлайн жеткізуге деген сұраныс тіпті күшейді. Осы орайда аталған компанияның бас директоры Карим Богуспаевпен сұхбаттастық.
– Карим мырза, сұхбатымызды 2019 жылдың қорытындысынан бастасақ?
– Glovo компаниясы Қазақстан нарығына 2019 жылдың шілде айында шықты. Содан бері 9 айдай уақыт өтті. Әрине, бұл соншалықты ұзақ мерзім емес, бірақ соның өзінде үш қалада (Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент) өз қызметімізді іске қосып үлгердік. Егер тапсырыс саны мен мобилді қосымшаның жүктелуі жайлы айтар болсақ, онда бұл тұрғыда апта сайын, ай сайын өсім артып келе жатыр. Жұмыс бастағалы бері Қазақстан бойынша 400 мыңнан астам тапсырысты жүзеге асырыппыз. Бұл нарыққа аяқ басқан сайын компания үшін тәуір көрсеткіш. Сондай-ақ былтыр бізге курьер болу туралы 30 мыңнан астам ұсыныс келіп түсті. Алматыда біз 3500 курьерді таңдап алдық. Алдағы уақытта бұл цифр, сөзсіз, өсетін болады. Біз өз курьерлерімізді гловерлер деп атаймыз. Ал Қазақстан бойынша алатын болсақ курьерлер саны 5000-нан асып кетеді. Бұл көрсеткіш те апта сайын өсіп келе жатыр. Біздің компания әрқашан сервис сапасының жоғары деңгейде болуына мән береді. Тамақ өнімін, азық-түлікті клиентімізге мейлінше жылдам жеткізуге тырысамыз. Тұтынушының тамақты ыстық күйінде алғанын қалаймыз. Орташа есеппен біз тапсырысты 37 минутта жеткізіп береміз. Қазір бұл цифрды барынша азайту үшін жұмыс істеп жатырмыз. Серіктестеріміздің саны да күн санап көбеюде. Қазір Glovo қымбат бренд мейрамхана, жылдам тамақтандыру орындарымен серіктес ретінде жұмыс істеп жатыр.
– Біздің нарыққа шығудағы мақсат орындалып, күткен үміт ақталды ма?
– Қазақстан нарығы – үлкен әрі қызық. Сондықтан 2019 жылға қойылған міндеттер орындалды. Тапсырыс санына қарап-ақ клиенттердің риза екенін аңғарамыз.
– Мұндай әлемдік деңгейдегі ірі сервис неліктен Қазақстан нарығын таңдады және қандай критерий бойынша таңдады?
– Бұл компания әлемнің 21 елінде жұмыс істейді. ТМД елдерінің ішінде Қазақстан, Украина және Грузияда ғана бар. Біздің нарық енді дамып келе жатқан нарық болғандықтан осындай кең таралған сервистің бірден қызығушылығын тудырды. Әрі мұны біздің тұрғындар да іліп әкетіп, жиі пайдалана бастады.
– Елімізде онлайн жеткізіп беру қызметі жақсы дамуы үшін қандай жұмыстар іске асуы керек?
– Бірінші кезекте, сапалы сервис керек. Сервис пен өнімнің сапасы болмай бұл сала дамымайды. Сізбен бірге жұмыс істейтін серіктестердің келуі де, тапсырыс санының көбеюі де осы алғышартқа байланысты. Одан кейінгі маңызды фактор – инфрақұрылым, яғни мейрамханалардың орналасуы, велосипед жолының болуы. Курьерлер қаланың барлық нүктесіне баратындықтан ол қай жерде не жетіспейтінін жақсы біледі. Біз бұл бағытты да әркез ескереміз және соған орай қолайлы шешімдер қабылдаймыз. Үшінші маңызды нәрсе – интернет сапасы. Бұл сала елімізде жақсы жолға қойылған. Интернет қолжетімділігі бар. Ыңғайлы тарифтер де көп. ТМД елдерінің ішінде Қазақстанның интернет кеңістігін жоғары бағалаймын.
– Біздің тұрғындар онлайн қызметті пайдалануға қаншалықты дайын екен?
– Қазақстандағы ең ірі қала Алматы туралы айтар болсақ, бұл шаһардың тұрғындары онлайн қызметті жақсы пайдаланады. Бұл тұрғыда көптеген адамның сауаты жоғары. Жақын арада Нұр-Сұлтан, Шымкент, Қарағанды қалаларының да деңгейі арта түседі деп ойлаймын. Егер компания сапалы сервис ұсына алса, онда пайдаланушылардың да деңгейі жоғарылай түседі.
– COVID-19 вирусы компанияға қалай әсер етті? Карантинге байланысты жұмыс режимі қалай өзгерді?
– Тамақ өнімдері мен дәрілік препараттар адамға ең бірінші қажет нәрселер екенін ескерер болсақ, барлық супермаркет, аптека, басқа да ірі дүкендер жұмыс істеуі керек еді. Бірақ төтенше жағдай көп сауда орындарының жұмысын тоқтатты. Ал біз бұрынғы режимді сақтап қалуға тырыстық. Дегенмен жұмыс сағатымыз қысқарды. Бұрын түнгі 1-ге дейін қызмет көрсетететін едік. Карантинге байланысты таңғы 9-да жұмысқа кірісіп, кешкі 20:00-де аяқтап жатырмыз. Әрине, бірінші кезекте қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтаймыз. Себебі, біздің сақтығымыз клиенттерімізге әсерін тигізеді. Сондықтан гловерлер мейлінше сақ, қауіпсіз қимылдауға тырысады. Сол талаптарды сақтау мақсатында гловерлер өнімді жеткізу кезінде клиентпен кезікпейді. Сонымен қатар біз өнімді қабылдап алғанын растайтын қол қою рәсімін де алып тастадық. Қолма-қол ақша қауіпті вирусты тасымалдауы мүмкін болғандықтан клиенттерге төлем картасын қолдануға өтініш білдіреміз. Серіктес мейрамханалар да карантинге байланысты түрлі қосымша шаралар қарастырған. Яғни, олар тамақты дайындау және оны қаптау кезінде де қауіпсіздікке ерекше мән береді. Сосын дайындалған өнімді дермантин сөмкеге салу жолға қойылды. Әрбір тапсырысты жеткізер алдында біздің курьерлер санитарлық бақылаудан өтеді. Біз оларды қолғап, маска және санитайзерлермен қамтамасыз еттік.
– Осындай қиын-қыстау кезеңде тапсырыс саны қаншалықты артты?
– Иә, тапсырыс біршама өсті. Адамдар қазір үйде. Күніне үш-төрт мәрте тамақтанады. Сондықтан жиі тапсырыс беруі заңдылық. Қазір карантинге байланысты Алматыда көптеген адам жұмыссыз қалды. Біз соны ескеріп, тегін жеткізіп беру қызметін іске қостық. Мұндай тегін жеткізу қызметі 5 және 9 сәуір күндері болды. 13 сәуір күні де тегін жеткіздік. Осылайша, азаматтарымызға аз да болса көмегімізді тигізуді жөн көрдік. Әрине, клиенттер апарылған тамақ немесе қандай да бір өнімнің өз бағасын төлейді. Алайда жеткізілгені үшін төленуі тиіс ақыны бермейді. Негізі Алматы қаласында жеткізіп беру құны – 400 теңге.
– Тегін жеткізілетін өнім қатарына не кіреді?
– Бұл ретте тамақтану өнімдері мен дәрі-дәрмек қана кіріп отыр. Ал мейрамхана тамақтары бұл қатарға енбейді. Дегенмен біз әркез тегін жеткізіп беру бойынша әртүрлі акцияларды іске қосамыз.
– Карантин кезінде орташа чек көлемі қанша пайызға дейін көтерілді?
– Орташа чек 20-25 пайызға артты. Қазір отбасы мүшелерінің бәрі бірдей үйде болғандықтан 2-3 өнімге бірден тапсырыс береді.
– Тұрғындар негізінен қандай азық-түлік өнімдеріне, қандай тауарларға тапсырыс береді?
– Жергілікті нарықта тұрғындар тарапынан ең көп сұралатын тамақ өнімі – фаст-фуд категориясындағы өнімдер. Тереңдеп айтар болсақ, бургер мен қуырылған қанатшаларға көп тапсырыс береді. Фаст-фуд біздің тапсырыстардың 50 пайыздан астамын құрайды. Одан кейінгі орында – қытай асханасының тамақтары мен суши, пицца және түрлі тәтті сусындар.
– Қалай ойлайсыз, карантиннен кейін де осындай сатылым қарқынын сақтап қалуға бола ма?
– Менің ойымша, орташа чек көлемі шамалы төмендейді, бірақ айтарлықтай емес. Ары кетсе табыс 10 пайызға төмендейтін шығар. Бірақ адамдар бізге тапсырыс беріп біраз үйренді. Бұл өте ыңғайлы әрі жылдам болғандықтан карантиннен кейін бас тарта салады деп ойламаймын.
– Алматыда бір күнде орта есеппен қанша тапсырыс түседі?
– Бұл ретте шаһардағы аудандарды бөліп-жара алмаймыз. Барлығы бір деңгейде тапсырысы береді. Әрине, көп ретте бизнес-орталықтар орналасқан аудан тұрғындары біздің қызметті жиі пайдаланатын. Бірақ қазір бизнес-орталықтар жабық, сол себепті адамдар негізінен тапсырысты үйге алдырып жатыр. Бұл тұрғыда біз қаланың 70 пайызына қызмет көрсетіп отырмыз.
– Төтенше жағдайға байланысты жұмысшы тапшылығы байқалып жатыр ма?
– Біз үнемі белсенді түрде курьерлер іздеп, оларды алып отырамыз. Бірақ курьерлер біздің қызметкер болып саналмайды. Біз олармен серіктестік қарым-қатынас деңгейінде жұмыс істейміз. Біздің бизнес, тапсырыс күн санап өсіп жатыр. Сондықтан өз қатарымызға жаңа гловерлерді қосу бойынша үнемі жұмыс істейміз.
– Теңге бағамының өсіп кетуі, валюта нарығындағы тұрақсыздық сіздің бизнеске қалай әсер етті?
– Иә, доллар өсіп кетті, соған сай түрлі қызметтер де өз бағасын көтерді. Бірақ біз бұл жағдай кезінде жеткізіп беру құнын өсірген жоқпыз. Қаңтар айынан бері Алматыда жеткізіп беру бағасы – 400 теңге, Нұр-Сұлтанда – 450 теңге, Шымкентте – 300 теңге болып бекітілген. Біз бұл соманы ұстап тұруға тырысамыз.
– Қазір елдегі транспорт қозғалысының шектелуіне байланысты өнімдерді өз уақытында жеткізіп беру бойынша қиындық туындап жатқан жоқ па?
– Әрине, көшеде тексеру өте қатаң жүруде. Бұл қауіпсіздік үшін қажет. Бірақ жергілікті билік өнімдерді тұрғындарға жеткізіп берудің маңызды екенін түсінеді. Себебі, біз адамдарға дәрілік препараттар, тамақ, басқа да тұрмысына қажетті маңызды тауарларды апарамыз. Ал қазіргі карантин жағдайында мұндай өнімдер халыққа дер уақытында берілуі қажет. Сондықтан бәрі бұған түсіністікпен қарайды.
– Тоғыз ай бұрын жұмыс бастаған мезетте сіздермен бірге тағы бірнеше компания нарыққа шықты. Жалпы, нарықтағы бәсекелестік қай деңгейде? Сіздер өз мүмкіндіктеріңізді қалай бағалайсыздар?
– Біздегі нарық өте үлкен және тартымды деп ойлаймын. Сондықтан бұл нарықта бәріне де орын жетеді. Сол себепті, нарықтағы бәсекелестік қызып тұр деп айтуға келмейді. Бәрі де жәй-жәй, алғашқы қадамдарын жасауда. Бұл ретте әр сервистің өзіндік аудиториясы да қалыптасқан. Біз де, олар да сапалы сервис ұсынуға тырысып жатыр. Бұл жақсы құбылыс. Бәріміз бірігіп отандық онлайн қызмет көрсету нарығын дамыта алсақ, бұл біздің үлкен жеңісіміз болар еді. Қазір біздің алдымызда үлкен міндет тұр. Ол – азаматтардың онлайн қызметті тұтыну қабілетін һәм мәдениетін қалыптастыру.
– Glovo қызметін Қазақстанда жолға қою үшін қанша көлемде инвестиция салынды және табыс өз-өзін ақтап жатыр ма?
– Әзірге инвестицияға қатысты цифрды нақты айта алмаймын. Мүмкін, жарты жылдан соң келесі сұхбатымызда ол жағын ашып айтуға болады. Таза табыс тұрғысынан да коментарий бере алмаймыз. Себебі, ол әзірге жабық ақпарат. Біз қазіргі таңда компания қызметін кеңейту бойынша жұмыс атқарып жатырмыз. Коронавирусқа байланысты еркін жұмыс істеу сәл шектеліп тұр. Бірақ нақты жоспарлар бар. Алдағы уақытта тағы бірнеше қалада филиалдарымыз ашылуы мүмкін.