Сыртқы істер министрлігі бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған мақалаға байланысты Қытайға наразылық нотасын жіберді. Қытай елшісімен кездесу өтті. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлайды.
«Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігінде Қытайдың ҚР-дағы Елшісі Чжан Сяомен кездесу өтіп, оның барысында қазақстандық тарап қытайлық www.sohu.com сайтындағы «Қазақстан неге Қытайға оралуға тырысады» атты мақалаға қатысты наразылық білдірілді», делінген хабарламада.
Бұған дейін Алматы әуежайына Қытайдан гуманитарлық көмектің алғашқы партиясы келгені туралы хабарланған болатын.
Еске салайық, 9 сәуірде Нұр-Сұлтанға бір топ қытайлық дәрігерлер коронавирусты емдеу барысында қазақстандық дәрігерлерге консультативтік көмек көрсету және вирустың одан әрі таралуын алдын-алу бойынша тәжірибе алмасу үшін келген болатын.