Коронавирус әлемді жайлағалы бері америкалықтар дүкеннен ең қажет деген заттарды молынан алып қоюға мәжбүр болды. Азық-түлік дүкендері мен дәріханалардың қаншалықты маңызды екенін бәрі анық сезініп үлгерді. Бөлшек сауда желілеріне пандемия құдды жай отындай болып отыр. Қандай амалдың дұрыс екенін білмей, бірі дүкенге кіретіндерді шектеп, сыртта ұзын-сонар кезек туындатса, енді бірі кезектен қашып бәрін кіргізіп, сақтауы тиіс арақашықтықты бұзып жатыр. Осы ретте төтенше жағдай кезінде не істеу керегін нақты білетін H-E-B супермаркеттер желісі жайлы айтып кеткен жөн болар.
2020 жылғы наурыздың басында H-E-B дүкендерінде белгілі бір тауарларға шектеу қойылды. Яғни адам басына нақты қаншасы берілетіні белгіленген. Сонымен бірге денсаулығына байланысты демалысқа шығу талаптарын кеңейтіп, жақын байланысты шектеп, сөрелерді қажет тауарларға толтырып үлгеру үшін жұмыс уақытын қысқартқан. Қызметкерлері үшін коронавируске байланысты жедел желі ұйымдастырып, жалақысын көбейткен. Жалпы алғанда аталған желі төтенше жағдайда бірінші рет тиянақты, жүйелі жұмыс атқарып жатқан жоқ. 2017 жылы Харви дауылы кезінде зардап шеккендерге қол ұшын берген екен.
Пандемияға дейін…
Төтенше жағдайларға дайындық шаралары жөніндегі директор Джастен Ноакс эпидемия тарай қалған жағдайда жасалатын амалдардың тәртібін 2005 жылдан бері жасай бастаған. Сол жылы H5N1 вирусы таралған еді. Ал 2009 жылы доңыз тұмауы кезінде жоспарды тіпті дамытып, бір ізге түсіріп алыпты.
Компания басшысы Крейг Бойанның айтуынша, төтенше жағдайға дайындық шаралары директорының лауазымы – штаттағы қызмет орны. Пайдаланылмаған қор барлық қоймада бар, су және осы сынды ең маңызды азық-түлік әрдайым жөнелтуге дайын тұрады.
Коронавирустың адамнан адамға жұғатыны белгілі болған кезде H-E-B дереу жағдайды бақылауға алған. Өйткені қытайлық жеткізушілермен жұмыс істейді. Сөйтіп 2 ақпанда «шаң басқан» сақтық шараларын қолға алып, Қытайда атқарылып жатқан амалдармен салыстырып, алда не болуы мүмкін және не істеу керек деп жоспар құра бастаған.
Бойанның сөзіне сүйенсек, қаңтардан бастап Қытайдағы бөлшек саудамен айналысатындармен сөйлесіп, хабар біліп жүріпті. Артынша вирус өршіген Италия мен Испаниямен де байланысып, мән-жай сұрасқан. Мұндағы мақсат – сұранысты анықтау, қаншалықты өзгеріс барын білу. Осылайша төтенше жағдайға байланысты жедел әрекет моделін қытайлықтардың азаматтарды қорғау шараларына және 2009 жылғы H1N1 эпидемиясы кезіндегі ахуалға қарай жасап шыққан. Індет таралса, менеджерлері бар ресурсты қалай қолданып, жаңасын қайдан алуға болатынына бас қатырған. Әсіресе, Техастың ең үлкен қаласы – Хьюстон жаққа таралғанда не істеуге болатынын жобалапты. Қытайлық ритейлерлер пандемия басталған кезден бері жасалған шараларды бастан-аяқ тізіп беріпті. Тазалық мәселесі, қала түгел карантинге жабылғанда қызмет көрсету жағы қалай болады –бүкіл ақпаратқа қанық қылған. Тіпті әу баста не істеуге болатыны туралы да кеңес берген.
Қызметкерлер дайындығы
Техаста коронавирус жұқтырған дерек алғаш рет 12 ақпанда тіркелген. Бір айда кей азық-түлік біршама азайған, сөйтіп 14 наурызда H-E-B жұмыс уақытын қысқартады. Дүкен 8:00 мен 20:00 аралығында ғана ашық. Ноакстың айтуынша, мұндай графикке көшу жоспардың бір бөлігі болған. Яғни сөреге тауарды уақытында толтырып тұруға үлгеру үшін жасалған. Кадр бөлімінің басшысы Тина Джеймс кеңседе істейтін қызметкерлерден қойма мен дүкен жұмысына көмектескісі келетіндер бар ма деп сұрастырған. Сөйтсе 800 ерікті бірден келісіпті.
Жедел штаб жұмысы
4 наурыз күні H-E-B Сан-Антониода төтенше жағдай кезінде жұмыс істеуге арналған жедел штаб іске кіріседі. Құрамында бөлімі қатты зардап шеккен менеджерлер жұмыс істейді. Олар бірлесіп жан-жақсы талдай отырып, бір байламға келеді. Штаб қатысушыларына күнделікті екі рет ыстық тамақ жеткізіліп тұрады. Қойманың іші кішігірім дүкенге айналған, ол жерден үйіне керек-жарақты сатып ала алады.
Сұранысқа сай болу
Наурыздың басында Американың бөлшек сауда дүкендерінде базалық тауарлар жетіспей жатады. Сөйтіп H-E-B бір адамға берілетін мөлшеріне шектеу қояды. Бірінші кезекте, медициналық бетперелер, антисептиктер мен тазалық құралдарын көптеп алуға тыйым салынады. Бір қызығы, дәретхана қағазына сұраныстың соншалық артуы мүмкін деген ой ешкімнің ойына кіріп шықпаған. Дүкен директоры «адамдардың неге ол затты үйіп-төгіп алғанын әлі де түсінбеймін» дейді.
Техастағы біраз компания бүгінде бағытын өзгертті. Мысалы мектептер мен мейрамханаларға азық-түлік жеткізетін Labatt қазір H-E-B-мен бірлесіп жұмыс істеп жатыр. Сыра шығаратындар супермаркеттерге жұмыртқа жеткізіп беріп жүрген көрінеді.
Қазіргі беймәлім жағдай
Пандемия ұзап кетті. Ең үлкен мәселе де – осы. Ноакс дауыл кезіндегі ахуалмен салыстырып, былай дейді: «дауылдың жақындап келе жатқанын көре аласың, қашан басылатынын да шамалауға болады. Ал мына жағдайда қашан аяқталатыны белгісіз».
Команда күніне екі рет Еуропа мен Қытай жаңалықтарын шолып шығады. Осылайша Америкада не болуы мүмкін деген болжам жасайды. Бірақ қазір нақты ештеңе айту мүмкін емес. «Жергілікті дағдарыс кезінде серіктестердің қайсысына қатысты болатынын алдын-ала табуға болады. Ал пандемия кезінде оны болжай алмаймыз» дейді Тина Джеймс.
11 наурызда Трамп халыққа үндеу жариялады. Сол күні кеше NBA ойындардың тоқтайтынын айтты. Актерлер Том Хэнкс пен Рита Уилсонның коронавирус жұқтырғаны да сол күні белгілі болды. Осыдан соң H-E-B-ден тауар алушылар тіпті көбейді. Тауар қорын бақылау маманы Майкл Листің сөзінше, тұрмыстық химия, қант және суды халық көп алады. Дүкен сөрелеріне тауар орналастыру негізгі жұмысы болмаса да, басқа қызметкерлер түнгі ауысымдағыларға көмектесу үшін ертерек келеді екен.
Кез келген жағдайдан сабақ алуға болады. Джастан Ноакс медициналық маскалар мен антисептиктерге сұраныстың артқанын байқағаннан-ақ ТЖ жоспарына көшу керегін түсінген. Өйткені бұл – тұрғындардың эпидемияға байланысты уайымдағанының белгісі болды. Ендігі міндет – сұранысты бақылап, соған сай болу. H-E-B алдағы уақытта да жергілікті халықпен кері байланысқа бекем болуды мақсат тұтып отыр.