Тоқаев Ұлттық банкті елордаға көшіру туралы жарлыққа қол қойды
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық банкке орталық аппаратын Алматыдан Нұр-Сұлтан қаласына көшіруді тапсырды. Мемлекет басшысы арнайы жарлыққа қол қойды.
Сонымен қатар мемлекет басшысының жарлығында Ұлттық банк биыл 1 шілдеге көшу керектігі жазылған. Қаржылық реттеушіге осы жарлықтан шығатын өзге де шараларды қолға алу тапсырылған. Екінші пункт 1 шілдеден өз күшіне енеді.
Жыл басында Ұлттық банк қайта құрылып, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бөлініп шыққан.
2019 жылдың мамыр айында Ұлттық Банк Төрағасы Ерболат Досаев Мәжілістің пленарлық отырысында регуляторды Нұр-Сұлтанға көшіру жоспары туралы баяндаған еді.
Сондай-ақ, Досаев бұған дейін де шешім қабылданғанын, ал Алматыда өкілдік қалатынын айтқан болатын.
«Ұлттық банк орналасатын ғимата дайын болған кезде көшеміз. Біраз уақыт жалға аламыз, кейін өз ғимаратын саламыз. Бұл көктемде жүзеге асады деп ойлаймыз. Нақты шешім бар. Алматыда өкілдік қалады», – деп нақтылаған ҰБ басшысы.