Жаңалықтар

Токио олимпиадасының кейінге шегерілуінің Қазақстан үшін тиімді және зиянды тұсы қандай?

Нұрлан Ақүрпеков, Василий Левит, Ольга Рыпакова қазіргі жағдайларын айтты

Халықаралық олимпиада комитетінің президенті Томас Бах коронавирус пандемиясының өршуіне байланысты Жапония астанасы Токиоға жасайтын сапарынан бас тартты. ХОК басшысы олимпиаданың келесі жылға шегерілгеніне қарамастан төрт жылдық додасына даярлықтың қалай жүріп жатқанымен таныспақ болған. Осылайша, Бахтың Жапонияға бара алмауы біздің (бүкіл әлем халқының десе де болады) бұл спорт мерекесін биыл біржола ұмыта тұруымызды нықтай түскендей. 

    Індеттің өршуі, сөйтіп оның айтулы спорт додасына да кері әсерін тигізуі – әрбір жазғы олимпиададан кемі бір алтынсыз оралмайтын, одан бөлек 14-15 спортшысы жүлде алатын Қазақстанға да қиын тиді. Наурызға дейін спортшыларымыз жолдама беретін жарыс атаулыға жапырыла қатысып жатқан. Енді соның бәрі күрт тоқтады. Қазір карантин. Оқу-жаттығу жиыны тұрмақ, көшеге аттап шықпайсың. Ал мұндай жағдайдың үнемі қимыл-қозғалысты қажет ететін спортшыларға елеулі зиян екені тағы белгілі. Осы орайда спорт сарапшылары мен мамандардың пікірін білген едік. 

Әли Битөре, спорт журналисі: 

«Бірінші кезекте, бұл мемлекет үшін артық шығын тудырады. Себебі, төрт жыл бойы дайындыққа билік ақша бөліп келді ғой. Енді тағы бір жыл қаржы аударуға тура келеді. Сол жағынан зияны бар. 
Ал кей спортшылар үшін бір жылға шегерілуі пайдалы болып тұр. Солардың бірі – ауыр атлет Илья Ильин. Егер Токио олимпиадасы уақытымен басталғанда оның бұл додаға қатыспауы да мүмкін еді. Енді алдағы бір жыл ішінде спорттық формасына еніп, жолдама иеленіп кетуі әбден мүмкін. Жас жағынан алғанда жеңіл атлет Ольга Рыпакова келер жылы 39-ға келеді екен, боксшы Зәкір Сафиуллин 34-те болады. Олар үшін жағдайдың қиынға соғары айтпаса да түсінікті. Балуандардың арасында да жасы біразға келіп қалған спортшылар баршылық. Олар келесі жылы бабында бола ма, болмай ма, ол да белгісіз. Ал дер шағында тұрған жас спортшылар «темірді қызған кезінде соққалы» тұр еді, олар үшін қиын. Тағы бір жыл бабын жоғалтпай ұстай тұруға тура келеді. Әрине, кәсіби спортшы әркез бабында болуы тиіс. Бірақ олимпиаданың орны бөлек қой. 
    Сөзсіз, карантин спортшылардың бабына кері әсерін береді. Өйткені залда күнделікті графикпен жаттығу мен үйде өз қалауымен жаттығудың айырмашылығы болады. Спортшылардың бабына қайта келуі үшін кемі 2-3 ай уақыт керек. Егер мамырда карантин аяқталса, сол кезден бастап олар жаттығуға кіріссе қара күзде кез-келген сайысқа сақадай-сай тұра алады». 

Руслан Меделбек, спорт сарапшысы: 

«Менің ойымша, олимпиаданың кері шегерілуі – жолдама алып қойған спортшыларға қатты зиянын тигізе қоймас. Себебі, бұл олар үшін жақсы мүмкіндік. Тек жарақаттан сақтанып, дайындығын күшейте түседі. Ал әлі жолдама алмаған, лицензиялық жарысқа әне-міне барамын деп отырған спортшылар үшін бұл үлкен психологиялық соққы. Не қалтаңда жолдама жоқ, не лицензия беретін жарысқа бармадың, қысқасы олимпиада жайлы ештеңе ойлай алмайсың. Дайындалайын десе де көңіл алаң. Ол жарыстың қашан өтері де белгісіз. Сәуір, мамыр айында жолдама беретін жарысқа аттанамын деп отырған спортшы үшін қазір ештеңе анық емес. Қысқасы, қазір сұрақ көп, бірақ жауап жоқ». 

Ақжүрек Таңатаров, Еркін күрестен Лондон олимпиадасының қола жүлдегері (Қазір Жамбыл облыстық №5 жасөспірімдер мен балалар спорт мектебінің директоры): 

«Қазақстан балуандары үшін олимпиаданың кейінге қалдырылуы жақсы болған сияқты. Өйткені олар әлі жас. Алдағы бір жыл ішінде әлі де тәжірибе жинап, кемшіліктерін түзеп, сақадай-сай болып отырады. Зиянды тұсы – салмақ қуатын спортшылар үшін қиындық тудырады. Өзім спортты қойған кешегі күнге дейін талай мәрте салмақ қуып, әбігерге түсетін едім. Яғни, салмақ қуу дегеніңіз – артық салмақтан арылып, өзіңнің заңды салмақ дәрежеңе түсу. Олай істемей жарысқа қатыса алмайсыз. Ал қазіргі карантин жағдайында үйде отырып салмақ қуу ешқандай нәтиже әкелмейді. Себебі, нағыз оқу-жаттығу жиынында жаттығу жасау, белдесуге дайындалу бір бөлек те, үй жағдайында формаңды ұстауға талпыну мүлде бөлек. Үй жағдайында жаттығу бәрібір оқу-жаттығу жиынында жүргендей мүмкіндік, нәтиже бермейді. Спортшы 10-15 күн жаттығу істемесе соның өзінде формадан қатты шығып қалады. Оның орнын толтыру оңайға соқпайды. Қазір бір ай, тіпті одан да көп уақыт жаттығусыз отырып қалады. Енді оны реттеу, қайтадан баяғыдай бабыңа оралу деген ұзақ уақытты алады, әрі спортшыға қиын тиеді. Қайтадан қалпына келу үшін жоқ дегенде 6 ай уақыт кетеді. 
    Олимпиада атмосферасы мүлде басқаша. Сондықтан мына балуанымыз алтыннан үмітті, мына балуанымыз жүлдегер болады деп айта алмаймыз. Ең бастысы жігіттер бозкілемде жанып кетпей, суық ақылмен күрессе жүлдеге ілінеді. Қазір еркін күрес құрамасында әркез жетістік биігінен көрініп жүрген Нұрқожа Қайпанов, Данияр Қайсанов, Дәулет Ниязбеков сияқты балуандарымыз бар. Осылардың бірі олимпиада ойындарында алтын сыйлайды деп үміттеніп отырмыз. 
    Токио олимпиадасының шегерілуі бізден гөрі Ресей балуандары үшін қиын тиеді. Себебі, ол елдің ішкі чемпионатын жеңу өте қиын. Биыл сол қиын чемпионатты ұтып, олимпиадаға бір табан жақындай түскен жігіттер келер жылы да өздерін тағы дәлелдеуге тура келеді». 

Нұрлан Ақүрпеков, бокстан Қазақстан құрамасының бапкері: 

«Кез-келген спортшы олимпиаданы асыға күтеді ғой. Біз де тағатсыздана тостық. Жаңа бас бапкер келді. Ол өз бағдарламасын жасады. Біз де барымызды салдық. Түгелімен, 8 боксшымыз да лицензия иеленді. Енді әне-міне Токиоға да аяқ басамыз деп отырғанда мынадай қиындық туындап отыр. Біз психологиялық және физикалық тұрғыдан толық дайын едік. Сол тұрғыдан қарағанда сәл-пәл еңсеміздің түсіп қалғаны рас. Жолдамамыз күйіп кетпей ме. Келесі жылы олимпиадаға дайындықты қайтадан Қазақстан чемпионатынан бастаймыз ба деген ойлар туындап жатыр. Алда не болары бәріміз үшін жұмбақ болып тұр. Дегенмен біз де, боксшылар да кәсіби адамдар. Сондықтан барынша спорттық бабын ұстауға тырысады. Ең бастысы жолдама бар. Ал жолдама ала алмаған қаншама елдің боксшылары бар. Олар үшін жағдай тіпті қиын. 
Қазір шәкіртім Әбілхан Аманқұл (75 келі салмақта) екеуміз жаттығу процесін тоқтатқан жоқпыз. Мен – Таразда, ол Жамбыл облысының Жуалы ауданында тұрады. Екі күн сайын келіп, жаттығып жүр едік, карантин режимі күшейтілген соң аздап үзіліп қалды. Алайда кеше кіріп-шыққанға рұқсат қағаз алдым. Бүгін өзі келіп кетті. Енді мен де еркін бара аламын. Демек жаттығуымыз үзілмейді деген сөз. Өз ауылында да спорт залы бар. Сол жерге барып, кішкентай кезінде өзін тәрбиелеген бапкерлермен бірге жаттығу жасап тұрады. Барлығы бақылауда. Әбілханның спорттық формасын жақсы деп бағалаймын. 
Жалпы, олимпиада алдында кесіп-пішіп бірдеңе айту қиын. Әбілханнан көп үміт күтетініміз рас. Бірақ бұл салмақта әлем бойынша мықтылар баршылық. Соның бірегейі – украиналық Александр Хижняк ешкімге дес бермей келе жатыр. Оның артықшылығы – соққыны ә дегеннен қарша боратып, қарсыласына ешқандай мүмкіндік бермейді. Хижняктан кейін филиппин боксшысы Эумир Марсьяль. Сосын ресейлік Глеб Бакши. Орыс боксшысы былтыр әлем чемпионатында топ жарды. Әрине, Хижняк сияқты боксшылардың бетін қайтаруға болады. Ол үшін мықты функционалдық даярлық керек. Аяқпен жақсы жұмыс істеуді, шаршамау, алдап кетуге тырысу сияқты қабілеттерді жоғары деңгейде меңгеру қажет. Біз де қазір соған қатты көңіл бөліп жатырмыз. Салмақ ауыстыру ойымызда жоқ. Өйткені салмағы 75-тен асып кетіп жатқан жоқ, әрі бойы да сондай ұзын емес. Сондықтан біз үшін 81 емес, 75 келі салмақ дәрежесі өте ыңғайлы». 

Ольга Рыпакова, олимпиада ойындарының чемпионы: 

«Біз бәрібір Токио-2020-да жүздесеміз. Халықаралық олимпиада комитеті бұл спорттық шараны кейінге қалдыру туралы шешім қабылдады. Бірақ қашан болса да олимпиада деген атауы өзгермейді. Әзірге нақты уақыты белгісіз, десе де 2021 жылдың 24 шілдесінен кейінге қалмайды деп ойлаймын. Әрине, ұйымдастырушылар мен спортшылар үшін қиын. Бірақ адамдардың денсаулығы бәрінен жоғары. Мұндай кезде тәуекелге барудың қажеті жоқ. Барлығы сәтті аяқталады және біз басты спорттық додада жүздесеміз. Қазір үйдеміз. Жаттығуды үзген жоқпыз». 

Василий Левит, Рио олимпиадасының күміс жүлдегері: 

«Карантиндегі уақыт өте жәй өтіп жатыр. Үйде жаттығуға тырысамын. Иорданияда (іріктеу жарысы) үш жекпе-жек өткіздім. Біріншісі рингті сезінуге кетті. Екінші жолы иорданиялықпен шықтым. Жергілікті боксшы болғандықтан психологиялық тұрғыда қиын тиді. Үшінші қарсыласым – жаңа зеландиялық боксшы болды. Техникалық арсеналы мықты жігіт екен. Жұдырықтасып жатқанда бапкерлерімнің ақыл-кеңесін тыңдап, іске асырып, соның арқасында жеңіске жеттім. 
    Олимпиаданың кейінге қалдырылуын қабылдай білу керек. Мұндайды оптимистер бөлек, пессимистер бөлек қабылдайды. Мен алғашқысына жатамын. Осы бір жылда кемшіліктерімізбен жұмыс істеп, дайындықты күшейте түсеміз деп үміттенемін». 

Жақында олимпиада ұйымдастыру комитетінің басшысы Тосиро Муто ойындардың 2021 жылы да өтеріне кепілдік бермейтінін хабарлады.  

Еске салайық, қазіргі таңда Қазақстан қоржынында 50-ге жуық лицензия бар. 

Ал олимпиаданың өзіне қатысты деректерге келейік. Жапония араға 60 жыл салып төрт жылдықтың басты жарысымен қайта қауышып отыр. (1972 және 1998 жылдары Саппоро мен Наганода қысқы олимпиада ойындарын қабылдаған) Соңғы рет күншығыс елі 1964 жылы жазғы олимпиада ойындарын өткізген болатын. Ұйымдастырушылар Токио олимпиадасын тарихтағы ең инновациялық спорт бәйгесі етіп өткізуді қалайды. Ойындар үш басты ұстанымға негізделген: 
•    Жеке табысқа ұмтылу; 
•    Бір-бірін қабылдай білу; 
•    Ұрпақтар сабақтастығы. 

Сондай-ақ ойындар бағдарламасына жаңа бес спорт түрі қосылды. Олар – бейсбол/софтбол, карате, серфинг, тауға өрмелеу және скейтбординг.