Жаңалықтар

Алматы әкімі Президентке есеп берді

Ол  індетке қарсы жүргізіліп жатқан шаралар туралы баяндады

Алматы қаласының әкімі Б. Сағынтаев Мемлекет басшысы Қасым- Жомарт Тоқаевқа қаладағы коронавирустық инфекцияға қарсы жүргізіліп жатқан шаралар туралы баяндады. Бұл туралы Алматы әкімдігінің телеграм каналы хабарлады.

Мемлекет басшысымен телефон арқылы сөйлесу барысында Бақытжан Сағынтаев Алматыдағы қазіргі санитарлық-эпидемиологиялық жағдай, коронавирус індетінің таралуына жол бермеу, сондай-ақ ,карантин режимін қамтамасыз ету және әлеуметтік көмекке мұқтаж тұрғындарға қолдау көрсету мақсатында қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады.

«Қазіргі таңда инфекцияның жасырын ошақтарын анықтау үшін індет жұқтыруы мүмкін деген барлық тәуекел топ өкілдерін жаппай тестілеуді жалғастырудамыз. ПЦР әдісімен 26 мыңға жуық адам тестілеуден өтті, тағы 21 мыңы жедел-тестілеуден өткізілді. Осындай жедел қолға алынған шаралардың нәтижесінде медицина қызметкерлері мен әскери қызметшілердің жекелеген топтары арасында қатерлі вирусты жұқтыру ошақтары анықталуда. Олардың бәрі дереу оқшауланып, инфекцияның одан әрі таралып кетпеуі үшін тиісті санитарлық-эпидемиологиялық шаралар қабылдануда»,-деп атап өтті Б. Сағынтаев.

«Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша жобаларды іске асыру кезінде шамамен 26 мың жұмыс орны құрылады. Қолданыстағы бағдарламаларды, атап айтқанда, «Алматы Бизнес – 2025» және ірі инвестициялық жобаларды іске асыру жалғасады. Ал бұл өз кезегінде тағы 15 мыңға жуық жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді»,-деді қала әкімі.

Мұқтаждардың бірыңғай тізімін қалыптастыру үшін өтініштер қабылдайтын колл-орталық құрылды. Демеушілердің қаражаты есебінен азық-түлік себетін жеткізу, 2 АЕК көлемінде әлеуметтік төлемдер, «Birgemiz» ҚҚ-нан 50 мың тг мөлшеріндегі қайырымдылық көмек  көсетілді. Сонымен қатар,ҰОС қатысушылары мен мүгедектеріне 1 млн. теңге, оларға теңестірілген тұлғаларға 100 мың тг және еңбек майданына қатысушыларға 50 мың тг мөлшерінде біржолғы әлеуметтік төлем секілді көмек түрлері ұйымдастырылды.

Азық-түлік жиынтығымен 10 243 мұқтаж отбасы қамтамасыз етілді. Ал 2 АЕК мөлшеріндегі әлеуметтік көмекпен 68,2 мың адам қамтылды. Бүгінгі күні 44,2 мың адамға 246,2 млн тг көмек көрсетілген. Сонымен қатар, ресми түрде жұмыссыз ретінде тіркелген ІІІ топтағы 17,2 мың мүгедек жан 95,8 млн тг көмек алды. Осы жасалған жұмыстар туралы қала әкімі  Президентке есеп берді.

Төтенше жағдайға орай табысынан айырылған азаматтарға тиесілі 42 500 тг (1 ЕТЖ) 333 215 тұрғынға 14,2 млрд тг сомасында тағайындалып, аударылды.

Телефон арқылы сөйлесу барысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қызметін қайта бастайтын кәсіпорын қызметкерлерінің санитарлық қауіпсіздігін қамтамасыз етуді тапсырды. Сонымен қатар, қала әкімдігі мұқтаждарға әлеуметтік көмек көрсету шараларын іске асыру және коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу үшін санитарлық-эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру жөніндегі жұмысты жалғастыруы қажет.