Жаңалықтар

«Сергек» айыппұлды қалай жазады

ТЖ режимінде тәртіп бұзғандар 10 АЕК айыппұл салынады

Полицияда карантин кезеңінде автокөлік жүргізушілеріне «Сергек» айыппұлының қалай салынатынын түсіндірді. Бұл туралы Мемлекеттік комиссияның шұғыл штабы хабарлады. 

«Сергек-күзет» базасына полицейлер жүргізуші мен көлік деректерін: ЖСН, көліктің мемлекеттік нөмірін және жүргізушінің айтуы бойынша нақты тұрғылықты жері мен жұмыс орнын енгізеді.

Тексеру қорытындысы бойынша негізсіз жолға шыққан жағдайда (азық-түлік пен дәрі-дәрмектер сатып алуға баруды қоспағанда, бекітілген бағдарды негізсіз бұзу) тәртіп бұзушыларға бір рет ескерту жасалады.

Егер жүргізуші екінші рет тәртіп бұзған болса, онда Нұр-Сұлтан қалалық Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының шешіміне сәйкес 10 АЕК айыппұлдан бастап, 15 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алынуы мүмкін.

Қазіргі уақытта полиция базадағы ТЖ кезінде жасалған құқық бұзушылықтарды санап жатыр, күн сайын «жұмыс – үй» қағидаты бойынша автокөлік жүргізушілерінің деректері енгізілуде.