Бұрын мектепте И мен У таңбасы әрі дауыстыны, әрі дауыссызды таңбалап, дауыстының жанында тұрса – дауыссыз болады, ал дауыссыздың жанында келсе – дауысты болады деп оқытты.
Осыған байланысты Әл Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, филология ғылымдарының докторы Анар САЛҚЫНБАЙ тіл мамандарының арасында латын әліпбиіндегі W әрпі пікірталас тудырып жатқанын айтады. Ол өз өйын Курсив порталына былай деп жеткізді:
А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты ғалымдары ұжым боп «Латын графикасы негізіндегі қазақ әліпбиі: тарихы, тағылымы және болашағы» (Алматы: Арыс, 2007. 410б. 233-237бб.), «Жаңа ұлттық әліпби негізінде қазақ жазуын реформалау» (Алматы, 2016 ж. 395 б.) атты екі үлкен монографиялық зерттеу шығарды (ұжымдық монографияның жалпы редакциясын басқарған филология ғылымдарының кандидаты А. Фазылжан). Бірге жазды! Екі еңбекте де У мен И дыбыстары дауыссыз дыбыс ретінде танылған.
«Жаңа ұлттық әліпби негізінде қазақ жазуын реформалау» атты ұжымдық еңбектің 156-158 беттерінде қазіргі кирилл таңбасындағы И мен У дыбыстарының қолданысында екі дыбыс тіркесі жүргендігі, осылайша мектеп оқулықтарында шатасушылықтың бар екені тәптіштеліп талданған. «Осы жердегі бәрімізді шатастырып жүрген У таңбасының дыбыс мәні тілімізде өте жиі кездесетін, ерін-езулік, жуысыңқы, үнді (W) дауысссыз дыбысы болып табылады ау [aw], ауа [awa], су [suw]» деген тұжырым жазылған. Сондай-ақ, қазіргі И мен У дыбыстарының екі дыбыс тіркесімі болып бұрыс жазылып жүргені ғылыми тұрғыдан салыстырыла отырып талданған.
У мен И кешегі кеңестік кезеңдегідей бірде дауысты, бірде дауыссыз болмайды, өз орнына ғылыми тұрғыдан орнықты, салыстырылды, салғастырылды, зерттелді, зерделенді деп қуандық. Оның құрамына «күштеп қосылған» Ұ, Ү, Ы, І дауыстылары өз орнына қайта орнығады деп сендік.
Ендігі дау не үшін? Кім үшін? Оңға, дұрысқа көшу үшін, «менді» ҰЛТТЫҚ МҮДДЕГЕ, ТІЛДІҢ ІШКІ ЗАҢДЫЛЫҒЫ алдында тізе бүктірейік.
Жолы – бар. У мен И дауыссыз дыбыстарын ДАУЫССЫЗ ТАҢБАМЕН белгілеу. Болды. Өйткені бұл А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының мемлекеттік Грант аясында 10 жыл бойы зерттеген, зерделеген еңбегінің нәтижесінде түбегейлі шешілген ғылыми шешім. Өйткені бұл қазақ тілінің ішкі төл табиғатын нақты анықтайтын Ақымет Байтұрсынұлының қисындарын басшылыққа алып жасалған ғылыми шешім.
Әліпбиімізде ана тілімізге тән дауыстылардың үндестік заңы бойынша, жуан, жіңішке дыбыстардың таңбалануында бірізділік сақталуы маңызды. Мәселен, А-Ә, О-Ө, Ұ-Ү, Ы-І дыбыстарының бір таңбамен беріліп, екінші нұсқасының үстіне умлаут белгісінің қойылуы осы заңдылықтың сақталуын нақтылайды. Бұл тәсіл Ақымет Байтұрсынұлының төте жазуынан келе жатқан тілдің ішкі болмысынан туындайтын жүйелі әрекет екені ғылыми қауымға белгілі. Жоғарыда келтірілген ұжымдық монографияның 162-бетінде ғалымдар «Жуан-жіңішкелік – тілдік, яғни функционалдық заңдылық. Жуан-жіңішкелік тілдің дыбыстық заңдылығы, мағына ажыратушылық қызмет атқарады. Жуан-жіңішкелік – әуез эстетикалық категория», – деп дұрыс тұжырым жасаған. Осы ретте институт нұсқасындағы І, і – таңбасымен – ы, і дыбысын белгілеуі тілдік жүйе заңдылығына сәйкес келеді.
Қазақ тіліндегі У дыбысының дауыссыз дыбыс екені анық мәселе болды. Дауыссыз У дыбысын W таңбасымен беру – дауыссыз у-дың ішкі дыбыстық табиғатымен толық сәйкес келеді. Ал «университет» сияқты кірме сөздердің айтылу үлгісі ағылшын тіліндегі нұсқасында қазақтың Ү дыбысына сәйкес келетінін ескеру орынды.
Қазіргі Й дауыссыз дыбысы А. Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі институты ұсынған әліпбиде У (уай) таңбасымен берілген. Бұл таңба қазіргі қолданысқа біршама еніп, жазылып жүр. Nazarbayev, Ayapova т.б. сөздердің жазылуы осылай қалыптасты. Осы үлгіні пайдаланайық. Қабылдайық.
Қорытындыны, ертеңгі тілдің болашағы үшін шешімді, Ұлттық комиссия, Үкімет, депутаттар, сосын Президент шешімі шығарады,- деп пікір айтты Анар Салқынбай.