Жаңалықтар

Биыл республикалық және жергілікті маңызы бар 9,5 мың шақырым жол жөнделмек

2025 жылға дейін 112 жоба іске асырылады

Былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда, биыл пайдалануға берілетін жолдың ұзындығы  4 есе ұзын. 5,7 мың шақырым жол қайта құрылымдалып, 3,5 шақырым жол күрделі жөндеуден өтеді. Бұл – Үкімет отысында 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамыту мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асыру барысын талқылауда айтылған цифрлар. Облыс әкімдері осы бағдарлама аясында  аймақтарда жүзеге асырылып жатқан жобалар туралы есеп берді.

«Мемлекеттік бағдарламада жалпы сомасы 5,5 трлн теңгені құрайтын 112 жобаны іске асыру қарастылған. Биыл республикалық және жергілікті маңызы бар 9,5 мың шақырым жол жөнделмек. Автожол саласының 2020 жылғы бюджет 680 млр теңгені құрайды, соның ішінде республикалық маңызы бар жолдарға  – 421 млд теңге, ал жерлігікті жолға 259 млрд теңге бөлінеді» , – деді ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму  министрі Бейбіт Атамқұлов. 

Жалпы 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында республикалық маңызы бар автожолдардың 100%-ын (21 мың шақырым жолды салу, реконструкциялау және жөндеу), облыстық және аудандық маңызы бар автожолдардың 95%-ын (27 мың шақырымын жөндеу) жақсы және қанағаттанарлық жағдайға келтіру жоспарланған.

Министрдің айтуынша, соның ішінде биыл 4 мың шақырым жол салынып, реконструкцияланады. Ал 1,5 мың шақырым жолда күрделі жөндеу жұмысы жүргізіледі.

Осы ретте премьер-министр Асқар Мамин  биыл жалпы ұзындығы 4 мың шақырым болатын республикалық автожолдарды салу және реконструкциялау жұмыстарына 200 мыңнан астам қазақстандық тартылатынын атап өтті. Талдықорған – Өскемен, Қарағанды – Балқаш – Қапшағай, Қалбатау – Майқапшағай, Мерке – Бурылбайтал, Үшарал – Достық, Ақтөбе – Астрахань, Ұзынағаш – Отар, Петропавл – Ресей шекарасы, Қостанай – Денисовка сияқты учаскелерде 2,6 мың шақырым жолда қозғалыс ашылады.

«Биыл пайдалануға берілетін республикалық маңыздағы жолдар көлемі өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 4 есе артық. Жергілікті маңызы бар жолдар бойынша биыл 3,5 мың шақырым жол жөндеуден өткізіледі. Қазақстан тарихында бұрын-соңды мұндай ауқымда жұмыс жүргізілген жоқ, сондықтан біздің міндетіміз – оларды толығымен орындау», –деді А. Мамин.

Үкімет басшысы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне әкімдіктер және «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-мен бірлесіп, осы жылы жоспарланған көлемнің уақытылы пайдалануға берілуін қамтамасыз етуді, реконструкцияланған 5,7 мың шақырым учаскелерде (Қапшағай – Талдықорған, Қызылорда – Шымкент – Тараз, Нұр-Сұлтан – Павлодар және т. б.)  автомобиль жолдарында төлем жүйесін енгізу жұмысын аяқтауды тапсырды.

Ресми мәліметтерге сүйенсек, елімізде республикалық автожолдардың жалпы ұзындығы – 24 727 шақырым. Соның ішінде 12 593 шақырымының жағдайы жақсы болса,  9126 шақырым қанағаттанарлық күйде. 

Ал жергілікті маңызы бар жолдардың ұзындығы 70,9 мың шақырымды құраса, соның 20 мың шақырымының жағдайы жақсы, ал 30,4 мың шақырым жолдың жай-күйі қанағаттанарлық екен. Ал  елдімекендерді жалғап жатқан тағы 20 мың шақырым жол жөндеу жұмыстарын қажет етеді.