Қытайлық дәрігерлер Алматыда онлайн конференция өткізді
Қытайлық дәрігерлер Алматы қаласында екі онлайн конференция өткізді. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министірлігі телеграм каналында хабарлады.
Елімізге іссапармен келген шетелдік сарапшылар қазір Алматыда қаласында. Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Т.Әбілдаев онлайн кездесуде қаладағы қазіргі эпидемиологиялық жағдай жайлы баяндады. Ведомство басшысы айтуынша, Алматыда коронавирусты жұқтыру деңгейі індет алғаш рет тіркелген сәттен бастап 2-ден 58 пайыз шамасында. ПТР диагностикасы орта есеппен 1500 зертханалық сараптама жасауға қабілетті алты зертханада жүргізіледі. Қазір Алматыдағы жұқпалы аурулар ауруханаларында 800 төсек-орын бар, олардың 54 пайызы пайдаланылуда.
«Медицина қызметкерлері арасында COVID-19 алдын алу шаралары және инфекциялық бөлімшені дезинфекциялау» тақырыбында екі сағаттық тренинг өтті. ҚХР Іле-Қазақ автономиялық округі Халық ауруханасының бас медбикесі Ю Янься баяндама жасады.
Тренинг барысында ол инфекцияның аурухана ішінде таралуына жол бермеу үшін стационарларда дезинфекциялау ережесі, жеке қорғану құралдарын (ЖҚҚ) дұрыс пайдалану, коронавируспен ауыратын науқастарға физикалық және психологиялық тұрғыда көмек көрсету төңірегінде тәжірибесімен бөлісті. Сондай-ақ, Қазақстандағы ҚХР Бас консулдығының көмегімен қытай диаспорасының өкілдерімен кездесу өтті.
Жүздесу барысында қытай сарапшылары коронавирустық инфекция бойынша өзекті ақпараттар ұсынды, коронавирустың алдын алу және қорғану әдістерін, COVID-19 анықтау, диагностикалау және емдеудің қытайлық тәсілімен бөлісті.