Заңды тұлғалардың банктік шоттан қолма-қол ақша алуына лимит енгізілді
21 сәуір күні Қазақстан Ұлттық Банкі заңды тұлғалар үшін банктік шоттардан қолма-қол ақшаны алу жөніндегі талаптардың өзгергенін мәлімдеді. Шоттан шешіп алуға рұқсат берілген соманың шекті мөлшерінн белгілеу туралы қағида 1 маусымнан күшіне енеді, деп хабарлайды баспасө қызметі.
Ұлттық Банктің ақпараты бойынша, заңды тұлғалардың банктік шоттарынан қолма-қол ақша алуға келесі лимит белгіленген:
- шағын бизнес үшін– күнтізбелік айда 20 миллион теңге;
- орта бизнес үшін – күнтізбелік айда 120 миллион теңге;
- ірі бизнес үшін – күнтізбелік айда 150 миллион теңге.
Сонымен қатар, егер заңды тұлғалар екінші деңгейдегі банктерге тиісті негіздемені ұсынса, белгіленген лимиттен артық ақша алуға рұқсат етіледі. Өз кезегінде, ЕДБ соманы көбейтуге арналған өтінімді ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетіне жіберіп, 3 жұмыс күні ішінде келісуі керек.
«Егер компания үш жұмыс күні ішінде Қаржыминнің МКК-нен жауап алмаса, онда аталған сұрату бойынша қолма-қол ақшаны алу бойынша транзакция автоматты түрде мақұлданды деп есептеледі», – деп түсіндірді Ұлттық банк төрағасының орынбасары Дина Ғалиева.
Енгізілетін шектеу жек тұлғалар мен кейбір бизнес субъектілеріне:
- дара кәсіпкерлерге;
- микрокәсіпкерлік субъектілеріне;
- ауылшаруашылық азық-түлік өнімін, балық өсіру өнімін сатып алуды жүзеге асыратын заңды тұлғаларға;
- тамақ өнімдерін, сусындарды, фармацевтикалық, медициналық және ортопедия тауарларын бөлшек сатумен айналысатын заңды тұлғаларға қолданылмайды.
Дина Ғалиеваның айтуынша, бұл жаңашылдық көлеңкелі экономиканың мөлшерін төмендетуге, бизнес субъектілері жүргізетін операциялардың айқындылығын арттыруға, сондай-ақ заңсыз жолмен алынған ақшаны жылыстатуға қарсы күреске және сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендетуге бағытталған.
«2019 жылы орташа статистикалық есеп бойынша, бір заңды тұлға жылына шамамен 9 млн теңгені немесе айына 747 мың теңгені қолма-қол ақшамен алған. Біз енгізетін лимит жоғарыда көрсетілген саннан әлдеқайда жоғары. Сондықтан біз бизнес үшін қандай да бір қиындықтар туындайды деп ойламаймыз», – деп атап өтті ҰБ төрағасының орынбасары.
Ұлттық банктің мәліметі бойынша, қолма-қол ақша нысанында есептеудің шекті мөлшерін белгілеу тәжірибесі басқа елдерде де бар.
Мысалы, Еуропалық Одақ елдерінде қолма-қол ақшамен төленетін мәмілелер мен сатып алулар бойынша шекті мөлшерлер еліне байланысты 1 000 еуродан 15 000 еуроға дейін жетсе, АҚШ-та – 10 000 Америка долларын, Канадада – 10 000 Канада долларын, Австралияда – 10 000 Австралия долларын құрайды.