Жаңалықтар

Жасөспірім  әлеуметтік желіде жалған ақпарат таратқан

Ол ақпаратты Instagram парақшасында жариялаған

Солтүстік Қазақстан облысының полицейлері жалған ақпараттың таралуына жол бермеді, – деп хабарлайды Polisia.kz сайты.

Әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізген мамандар 17 жасар қала тұрғынының Instagram желісіндегі аккаунтынан бір постты байқайды. Онда ол: «полицейлер қайтыс болған зейнеткердің туыстарына ақша ұсынды» деп жазған. 

Жазбаға сүйенсек, полицейлер қарияның қайтыс болғандағы себебін коронавирустық инфекциямен байланыстыру үшін туыстарына 100 мың теңге ұсынған-мыс. Ойдан шығарылған ақпаратты Петропавл қаласының тұрғыны парақшасына көп адам тарту үшін жариялағаны белгілі болды. 

Полицейлер түсіндіру жұмысын жүргізгеннен кейін кәмелетке толмаған қыз парақшасындағы ақпаратты жойды. 

 «Кәмелетке толмаған қала тұрғынымен профилактикалық тұрғыда әңгіме болды. Оның анасына қатысты ҚР ӘҚтК “Кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу және (немесе) оған білім беру жөніндегі міндеттерді орындамау 127-бабы бойынша материал жиналды»,- дейді Петропавл қ. ПБ ювеналдық полиция бөлімінің басшысы Эльмира Абушева. 

Полицейлер жалған ақпарат таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді. Сонымен қатар, төтенше жағдай кезінде құқықтық тәртіпті бұзуға итермелейтін әрекеттер ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 478-бабы бойынша 40 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға не 30 тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алынады.