Биыл ҰБТ сұрақтары жеңіл болады

Жарияланды
IV тоқсанның бағдарламасы қамтылмайды

Ұлттық тестілеу орталығы 2020 жылғы ҰБТ-де пайдаланылатын сұрақтар IV тоқсанның бағдарламасын қамтымайтынын мәлімдеді. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады. 

Ұлттық тестілеу орталығының директоры Дидар Смағұловтың айтуынша, мамандар тест тапсырмаларының мазмұнын егжей-тегжейлі талдады.

«Біз қашықтан оқуға көшу ҰБТ-ға дайындалуға әсер етпейді деп есептейміз, оның үстіне, мектеп оқушылары ҰТО-ның сайтында орналастырылған сынама тестілерін тегін пайдалану мүмкіндігіне ие. Әрбір пән бойынша 70 нұсқа әзірленді. Біз оқушылардың сынама тестілерін белсенді пайдаланатынын көріп отырмыз. Карантин кезінде оқушылардың ҰБТ-ға жақсы дайындалуы үшін барлық жағдай жасалуда. Оның үстіне ҰБТ сұрақтары төртінші тоқсанның тақырыптарын емес, жалпы мектеп бағдарламасын қамтиды. Айтпақшы, соңғы жылдары фактологиялық материалды жаттау мен  есте сақтауға емес, функционалдық сауаттылыққа байланысты сұрақтардың үлесі артып келеді», – деді Дидар Смағұлов.

Ол, сондай-ақ, ҰБТ-ны өткізу бұрынғы форматта қалатынын, алайда қосымша санитарлық шектеу шаралары енгізілетінін атап өтті.

Сонымен қатар, карантин ұзартылған жағдайда ҰБТ-ді өткізудің балама нұсқасы дайындалуда.

 

Сондай-ақ оқыңыз