Жаңалықтар

Төтенше жағдай енгізілгелі қандай қолдау шаралары қолға алынды?

Ресми мәлімдемелерді жинақтадық

Қазақстанда төтенше жағдай жарияланып, ірі қалалар мен бірқатар облыстарда карантин енгізілгелі 1 айдан асты. Төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссия отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ету бойынша бірқатар тапсырма берген болатын.

«Төтенше жағдайда біз азаматтардың әл-ауқатын қамтамасыз ету үшін түбегейлі шаралар қабылдауымыз керек. Бізде барлық мүмкіндік бар, Ұлттық қорда қаражат жетеді. Оны дұрыс пайдалануымз керек. Мұны қазақстандықтар білуі тиіс. Адамдар осы қиын сәтте қалай көмектесетіні туралы нақты түсінік алуы керек. Қазір кез-келген қауесет, белгісіздік наразылық пен дүрбелең туғызады. Үкімет пен әкімдер дағдарысқа қарсы шараларды жылдам уақытта әзірлеуі керек»,- деген еді мемлекет басшысы.
 

Төтенше жағдайға байланысты табысына айырылған азаматтарға ең төменгі айлық мөлшерінде (42500 теңге) төлем тағайындалды. Күні кеше Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Ақмәди Сарбасов осы төлемді алуға 8 миллионнан аса адам өтініш бергенін мәлімдеді. Министр Біржан Нұрымбетов төлем алу тәртібін бірнеше рет түсіндірген болатын

Ал тұрмысы төмен, аз қамтылған отбасылар азық-түлік себетімен қамтылады. Мәселен, Нұр-Сұлтан қалсында осындай 41 мың отбасыны азық-түлік себетімен қамту жоспарланған. Бұл көмекті келесі топқа жататын азаматтар алады: 
•    І, ІІ, ІІІ топ мүгедектері;
•    16 жасқа дейінгі мүмкіндігі шектеулі балалар; 
•    мүмкіндігі шектеулі бал бағып отырған ата-аналар; 
•    АӘК алушылар; 
•    ресми тіркелген жұмыссыздар.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы өз үндеуінде зейнетақы мен жәрдемақыны 10 пайызға көтеруді тапсырды.

«Инфляцияның артуына байланысты зейнетақы, мемлекеттік жәрдемақы және атаулы әлеуметтік көмек мөлшерін 10 пайызға индексациялауды тапсырдым. Осыған орай, аталған санаттағы азаматтардың табысын арттыру үшін мемлекет тарапынан 200 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінеді»,- деді мемлекет басшысы. 

Осы орайда, «2020-2022 жылдардағы республикалық бюджет туралы» заңға енгізілген өзгертулерге сәйкес, ең төменгі зейнетақы мөлшері 1 сәуірден 40 411 теңге болды. Тиісті қадам 2,2 миллионнан астам зейнеткерді қамтиды.

Тағы бір айта кететін жаңалық, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі карантинге жабылған өңірде тұратын әлеуметтік аз қамтылған жандардың коммуналдық қызмет ақысының 15 мың теңгесі қайтарылатынын мәлімдеген болатын. Коммуналдық қызмет өтемақысына өтініш қабылдау арнайы жүйе іске қосылған соң басталады.

Сондай-ақ, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жұмыспен қамтудың жол картасын  әзірлеген. Соған сәйкес, 240 мыңнан аса жұмыс орнын ашуды жоспарлап отыр. 

 «Бүгін біз жұмыспен қамтудың жол картасын жасадық, оған триллион теңге бөлінді. Жеті мыңнан астам жоба жүзеге асады. 240 мың жұмыс орнын ашу жоспарда бар»,- деген еді  министр Біржан Нұрымбетов. 

Қолдау шараларының арасында уақыты кешіктірілген несиеге айыппұл мен үстемақы есептемеумен қатар, негізгі қарыз бөлігін кейінге шегеру де бар. Бұл ретте елдегі екінші деңгейлі банктер төтенше жағдай кезінде тұрғындарға қолдау көрсетуге әзір екенін білдірген еді. Қазіргі кезде қай банк қандай шара ұсынып отыр, оны мына материалдан оқып білуге болады.

Коронавируспен күресте алдыңғы шепте жүрген дәрігерлердің еңбегі еленуі үшін олардың еңбекақысына үстемақы қосылады. Төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссия эпидемияға қарсы іс-шараларға тартылған медицина қызметкерлерінің еңбекақысына  үстемақы белгілеу туралы шешім шығарды. Соған сәйкес, үстемақы мөлшері коронавирусты жұқтыру қаупі бар топ бойынша бөлінеді. 
1 топ (қауіптілігі аса жоғары) — реанимация бөлімшелерін қоса алғанда, инфекциялық стационарлардың дәрігерлері, орта және кіші медицина қызметкерлері. Үстемақы бір қызметкерге 20 ЖТМ немесе 850 мың теңгені құрайды.
2 топ — провизорлық стационарлар мен жедел жәрдем дәрігерлері, орта және кіші медицина қызметкерлері. Үстемақы 10 ЖТМ құрайды.
3 топ — карантиндік стационарлардағы дәрігерлер, орта және кіші медицина қызметкерлері, санитарлық дәрігерлер, жедел жәрдем жүргізушілері және т. б. Үстемақы 5 ЖТМ құрайды. Бұл үстемақы 26,3 мың адамды қамтиды. 
Сондай-ақ, ҚР Үкіметінің 2020 жылғы 20 сәуірдегі Қаулысына сәйкес, дәрігерлер салық пен әлеуметтік жарна аударудан босатылады 

Қазіргі жағдай бизнеске де оңай тиіп отырған жоқ. Осы орайда регулятор 1 қазанға дейін еңбекақы төлеу қорынан ұсталатын салықтан босатуды тапсыра отырып, ШОБ несиесіне шегерім жасау мен қарызды қайта құрылымдау бойынша жұмыс атқарып жатқанын мәлімдеді.  Екі күн бұрын үкімет бірқатар кәсіпкерлерге салықтық жеңілдік беру туралы арнайы қаулы қабылдады. 

Сонымен қатар, ауыл шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлерге де қолдау көрсетіледі. Атап айтқанда, бюджеттен 70 миллиард теңге бөлінеді. Мемлекет басшысы көктемгі егіс науқаны үшін «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы арқылы қосымша 100 миллиард теңге бөлуді тапсырды.